БЖЗҚ өтінімдерді қабылдамаудың негізгі себептерін атады

2 Ақпан 2021, 13:38
1431
Бөлісу:
БЖЗҚ өтінімдерді қабылдамаудың негізгі себептерін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов мәлімдеді.

Жанат Құрманов брифинг кезінде өтінімдерді қабылдамаудың негізгі себептеріне тоқталды.

Негізгі себеп - салымшылар өтінімде зейнетақы жинақтарын шешіп алу үшін қолжетімді сомадан артық соманы көрсетеді. Өтінімнің мақұлданбауының 13 пайызы сұралып отырған сомалар қолжетімді сомадан асып түсетіндігіне байланысты. Бұдан басқа, қайталанатын өтінімдер болды. Сонымен қатар, дұрыс рәсімделмеген өтінімдер болды, - деп айтты төраға брифингте.

Оның айтуынша, «БЖЗҚ» АҚ деректер базасында жеке зейнетақы шоттары және тиісінше зейнетақы жинақтары жоқ тұлғалардан да өтінімдер келіп түскен.

Айта кетейік, 23 қаңтардан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуға арнайы ашылған сайтта өтінім беріп жатыр. БЖЗҚ-да жалпы сомасы 212,6 млрд теңге болатын 38 507 өтінім мақұлданды.

Сондай-ақ, БЖЗҚ 4 уәкілетті оператормен, атап айтсақ, Отбасы банкі, Халық банк, Altynbank, БанкЦентрКредитпен келісім жасасты.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге немесе басқарушы компанияларға аударуға бірнеше рет пайдалана алады.

Өзгелердің жаңалығы