Былтыр зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар 2 есеге өсті - Еңбекмин

26 Ақпан 2021, 10:55
1819
Бөлісу:
Былтыр зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар 2 есеге өсті - Еңбекмин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы қызметінің қорытындысы және 2021 жылға арналған міндеттері бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтіп жатыр. 

Министр Серік Шәпкеновтің сөзінше, ведомство республикадағы зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Зейнетақы мен жәрдемақы уақытында төленіп келеді. Жыл сайын олардың мөлшері инфляция деңгейін ескере отырып индекстеледі. 2020 жылы халыққа қосымша қолдау көрсету үшін зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар екі рет индекстелді. Бұл өсім 4 миллион адамды қамтыды. 2021 жылдың басынан бері 2,2 миллионнан астам зейнеткердің ынтымақты зейнетақысы 7 пайызға көтерілді, базалық зейнетақы мен жәрдемақының өсімі 5 пайызды құрады, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Министр атап өткендей, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мүгедектік, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу жағдайлары бойынша 131,7 мыңнан астам адамға төлем орта есеппен 50%-ға көбейтілді. 

2020 жылдың қорытындысында бес әлеуметтік тәуекел бойынша 947,2 мың әлеуметтік төлем алушыға МӘСҚ-тан 257,3 млрд теңге төленді. Бүгінгі таңда зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі ең өзекті мәселе – жинақтау жүйесін дамыту болып тұр. Жинақтаушы жүйе енгізілген 22 жыл ішінде жинақталған қаражаттың жалпы сомасы 12,9 трлн теңгені құрады. 162 мыңға жуық адам зейнетақы жинақтарын алды, оның орташа мөлшері айына 28 мың теңгені құрайды, - деп түсіндірді Шәпкенов.

Оның сөзінше, зейнетақы жарналарын төлеудің тұрақсыздығы мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Қазіргі кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2014 жылы бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін  2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына өзгерістер енгізу үстінде екенін қосымша атап өтті.

Мәселе зейнетақы жүйесін өзгерту жайында емес. Оны ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру және 2023 жылдан бастап жұмыс берушілерден міндетті зейнетақы жарналарын енгізу бөлігінде одан әрі жетілдіру көзделуде, – деп айтты Еңбекмин басшысы.

Өзгелердің жаңалығы