Былтыр елімізде 3 мыңнан астам ер адам декреттік демалыс алған

29 Шілде 2022, 12:26
1730
Бөлісу:
Былтыр елімізде 3 мыңнан астам ер адам декреттік демалыс алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру» қорының бас директоры Нұрсұлу Кемел мәлімдеді. 

Былтыр елімізде 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты 385 мың әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның 3 мыңнан астамы – ер азаматтар. Яғни барлық әлеуметтік төлем алғандардың 1%-ы, - деді қор басшысы. 

Айтуынша, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда қордан ай сайынғы әлеуметтік төлем баланың туған күнінен бастап тағайындалады. 

Төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады. 2021 жылы бұл төлем шамамен 385 мың адамға тағайындалды. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау үдерістерін сәтті автоматтандыру бүгінде «бір терезе» қағидаты бойынша композиттік қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша, еңбекке қабілеттілігінен айырылуы бойынша төлем алу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама арқылы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін алғаш белгілеген кезде жүгінуге болады, жұмысынан айырылуы бойынша төлем алу үшін egov.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген кезде немесе халықты жұмыспен қамту орталығы немесе enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жүгінуге болады, жүктілікке және босануға төлем үшін egov.kz порталы арқылы, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлем үшін egov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүгінуге болады, – деп атап өтті Нұрсұлу Кемел.

Өзгелердің жаңалығы