Былтыр ел экономикасы пандемияға дейінгі деңгейге оралды

16 Маусым 2022, 11:46
1366
Бөлісу:
Былтыр ел экономикасы пандемияға дейінгі деңгейге оралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. 

2021 жылы әлем экономикасы пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды. Жаһандық ішкі жалпы өнімнің өсуі 6,1%-ды көрсетіп, 40 жылдан астам уақыт ішінде ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Қазақстан экономикасы да 2021 жылы 4,1%-ға өсіп, пандемияға дейінгі деңгейге оралды. Шамадан тыс сұранысқа әкеп соқтырған әлемдік экономиканың тез қалпына келуі себепті шикізат, материалдар мен азық-түлік бағасы өсті. Бұл энергетикалық дағдарыспен бірге әлемнің көптеген елдерінде рекордтық инфляцияға әкелді. Сыртқы инфляциялық қысым жаппай вакцинация мен шектеулердің әлсіреуі, жаһандық іскерлік белсенділіктің жоғарылауы және дағдарысқа қарсы жүргізілген ауқымды шара есебінен әлем экономикасының тез қалпына келуі жағдайында өсті, - деді Ұлттық банк төрағасы. 

Айтуынша, сыртқы факторлармен қатар жекелеген тауар нарығындағы ішкі теңгерімсіздік елдегі инфляциялық қысымды күшейткен.

2021 жылдың бірінші жартысында инфляциялық процестердің тұрақтануына қарамастан, жылдың ортасынан бастап инфляция азық-түлік, шикізат пен материалдар бағасының жалпы әлемдік трендінің аясында жылдамдай бастады. Жазғы кезеңде көкөніс нарығындағы теңгерімсіздік, жанар-жағармай және реттелетін қызметтер бағасының өсуі ішкі проинфляциялық триггерлер болды. Осы жағдайда Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инфляцияны 8,5% шегінде ұстап тұру бойынша шаралар қабылдады, - деді  Ғалымжан Пірматов.

Өзгелердің жаңалығы