Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту үшін фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ететін тиімді тетіктерді енгізу қажеттігін айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен.
Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі қажет екенін атап өтті.
Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев тамақ өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық беру керектігін айтты. Оның сөзінше, «Бәйтерек» холдингі жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуетті жобалар тізімін әзірлеген.
Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғырту қажеттігіне де тоқталды. Атап айтқанда, отандық өндірістегі сапалы тракторлар мен комбайндардың санын арттыру міндетін қойды.
Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет. Бұл – өзекті мәселе. Осылайша, біз ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра түсеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.