Былтыр 30-ға жуық ескерткіш қайта жөнделді – Асхат Оралов

20 Қаңтар 2023, 11:25
865
Бөлісу:
Былтыр 30-ға жуық ескерткіш қайта жөнделді – Асхат Оралов

Былтыр елімізде 30-ға жуық ескерткіш қайта жөнделген. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және архив ісі жөніндегі алқасының кеңейтілген отырысында ведомство басшысы Асхат Оралов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алқа отырысында министр ортақ құндылықтар мен мәдениетті дамыту жайында сөз қозғады.

Құнды жәдігерлеріміз, қазіргі күнге дейін байлық болып жеткен тарихи-мәдени мұраларымыз - мемлекеттің асыл қазынасы. Оларды көзіміздің қарашығындай сақтау, зерттеу, қайта қалпына келтіру өте маңызды, - деді ол.

Сөзінше, елімізде бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылып жатыр.

Ғылыми-реставрациялық жұмыстар мен археологиялық зерттеулердің үздіксіз жүргізіліп келе жатқанының арқасында музей қорлары тұрақты түрде жаңа экспонаттармен толығып келеді. Мысалы, былтыр 18 археологиялық зерттеу жасалған 30-ға жуық ескерткіш қайта жөнделген болатын. Архившілер тарихи құжаттарды түгендеу мақсатымен былтыр елімізде 7 мыңнан астам құжатты шет елдерден әкелді. Ол құжаттарда арғы-бергі тарихымыздан сыр шертетін құнды деректер жеткілікті екені анық, - деп айтты Асхат Оралов кеңейтілген алқа отырысында.

Министр құнды жәдігерлерімізді тауып, таныту аса маңызды міндет екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы