Былтыр 151 мыңнан астам отбасы баспаналы болды – Үкімет

8 Маусым 2022, 12:01
1401
Бөлісу:
Былтыр 151 мыңнан астам отбасы баспаналы болды – Үкімет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Ол 2021 жылы 151 мыңнан астам отбасы баспаналы болғанын айтты.

Үкімет мүшесінің сөзінше, ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етті.

Мәселен, былтыр 17 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 151 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, - деді Жамаубаев.

Сонымен қатар қалалар мен ауылдарда 5,3 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау желілері салынды. Одан бөлек, 99 мың шаршы метрге жуық орталық жылумен жабдықтау желілері пайдалануға берілді.

Жергілікті маңызы бар 1 287 шақырым автожол жөнделді. Сондай-ақ көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 3,7 млрд тоннаға жетті. Агроөнеркәсіптік кешенде 24 мыңнан астам инвестициялық жоба субсидиялаумен қамтылды, - дейді Қаржы министрі – Премьер-министрдің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы