«Бүйтіп жіберемін, сүйтіп жіберемін» дегенді қою керек – Дихан Қамзабекұлы

25 Мамыр 2021, 19:05
3887
Бөлісу:
«Бүйтіп жіберемін, сүйтіп жіберемін» дегенді қою керек – Дихан Қамзабекұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Antikor live» жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы жоғары оқу орындардың рөлі туралы брифингте Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы мәлімдеді.

Оның айтуынша, мектепті аяқтап ЖОО түскен түлектердің арасында жемқорлықтың әліппесін көріп, саналарына сіңіріп келгендер кездеседі.

17-18 жасар балалар келіп оқуға түседі. Мен оларды ақ парақ деп қабылдаймын. Десе де арасында жемқорлықтың табалдырығын көрген балалар да кездеседі. Оны жоққа шығаруға болмайды. Оны мектеп жасындағы балалар жасауы мүмкін. Үйдегі ата-анасының әрекеттерінен үлгі алады. Сөйтіп санасына сіңіреді, – деді Дихан Қамзабекұлы. 

 Сонымен қатар ол мектепті жаңа аяқтап келген оқу орнының алғашқы студенттеріне жемқорлық тақырыбында ашық сөйлесіп, көзқарасын анықтап алу қажет екенін айтты.

Менің түсінігімше, студенттерімізге жемқорлыққа қатысты әңгімелерімізді ашық айтуымыз қажет. Оқушылардың осыған дейінгі шыққан орталарының қалай болғандығын анықтаған соң, оларға жаңа әлемге, кезеңге келгенін түсіндіруміз қажет. Яғни, оқу ордамыздың басты міндеті – білім алу, оқу. Егер білім жолын қуса, қалған жолы ашық болатынын айту керек. «Бүйтіп жіберемін, сүйте саламын, айналып өтемін» деген жеңіл жол іздеп керек еместігін түсіндіру маңызды, – деді ол. 

Сөз соңында ол ЖОО-да өткізілетін антиплагиат туралы айтты. Ол атағандай, плагиат жасап біреудің еңбегін ұрлау бұл білім саласындағы үлкен қылмыс.

 

Қазір ЖОО-да плагиат дейтін нәрсе бар. Плагиат - ол ұрлық. Әлемнің дамыған университеттерінде плагиат жасаған үшін оқудан шығарылады. Яғни, адам өлтіргенмен бірдей. Былайша айтқанда, адам өлтіріп те, плагиат жасап та оқудан шығып кетуге болады. Сондықтан бұл қылмыс.  Дәріс оқыған кезде студенттерге ылғи айтамын «аз жаз, бірақ өзің жаз» деймін. «Тамшы тас жарады» дейді. Ешкімде аспаннан бәрін біліп тумайды. Ізденсе, еңбектенсе, еңбегі бірте-бірте ақталады, – деді Дихан Қамзабекұлы. 

Олжас АДАЙ

 

Өзгелердің жаңалығы