БҰҰ Қазақстандағы ақбөкен санын қалпына келтіру туралы фильм түсірді

13 Сәуір 2023, 11:15
1288
Бөлісу:
БҰҰ Қазақстандағы ақбөкен санын қалпына келтіру туралы фильм түсірді
VIDEO
Фото: qazaqstan.tv

Біріккен ұлттар ұйымы «Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамасы жайлы фильм шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамасы (АДТБ) қалпына келтірудің әлемдік флагманы мәртебесіне ие болды. Фильм осыған орай шығарылды. Оған өткен жылдың желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының айналадағы орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қалпына келтіру мен сақтау жолындағы ең сәтті он бағдарламаның бірі атағын берді.

«Алтын Дала» бастамасы 2006 жылдан бері ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, АСБК, Франкфурт зоологиялық қоғамы (FZS), Fauna & Flora (FFI) халықаралық ұйымы, Құстарды қорғау корольдік қоғамы (RSPB) арасындағы серіктестік аясында жүзеге асуда. Оның мақсаты – жануарлардың негізгі түрлерін, далалы және шөлейтті экожүйелерді сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру. Бастаманың басты «жалауы» – ақбөкен. Браконьерлікке байланысты оның саны шектен тыс төмен деңгейде болатын.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының зор күш-жігері (ОШЖДК, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК, аумақтық инспекциялар, ЕҚТА) және ақбөкенді қорғау жолында қабылдаған шаралары, оны сақтауды насихаттауда жүргізген белсенді ортақ жұмыстың арқасында 2022 жылы ақбөкен саны 1 318 000 басты құрады.

Сонымен қатар жануарларды жерсеріктік таратқышпен таңбалаудың үлесімен жылдың әр мезгіліндегі ақбөкеннің негізгі қоныс орындары анықталды. Тиісінше, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және/немесе кеңейту ұсынылды. Ақбөкендердің көші-қон ерекшеліктері мен жолдары және оларға тиетін желілік инфрақұрылымның әсері тереңінен қарастырылды. Сондай-ақ мемлекеттік инспекторлардың түрді қорғауды күшейтуіне ықпал ету мүмкіндігі туды.

Қазақстандағы БҰҰДБ жобаларының және басқа серіктестердің қолдауымен жұмыла жасалған әрекеттер нәтижесінде 5 миллион гектардан астам құнды далалы және шөлейтті экожүйелер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға айналды.

Ақбөкеннің оралуы – табиғатты қорғау жолындағы әлем тарихының ең үздік жетістіктерінің бірі. Бұл күйзелген экожүйелерді қалпына келтіруді қолға алған адамзаттың батыл шаралары мен іс-әрекетінің жарқын үлгісі, - деді БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен.

Экожүйелерді қалпына келтіру бойынша «Алтын Даламен» бірге тоғыз ұзақ мерзімді жоба мен бастама сыйлыққа ие болды. Осы 10 мысал саяси ерік-жігерді, ғылым және трансшекаралық ынтымақтастықты қолдана отырып, БҰҰ қойған экожүйелерді қалпына келтіру жолындағы онжылдық мақсатты жүзеге асырудың және тұрақты болашақты құрудың зор мүмкіндігін көрсетеді.

 

Өзгелердің жаңалығы