БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Пәкістандағы лаңкестік әрекетті айыптады, деп хабарлайды BAQ.KZ Синьнхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Дүйсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында жексенбі күні Пәкістанның солтүстік-батысында болған саяси митинг кезінде бомбаның жарылу оқиғасы қатаң айыпталды.
Бұған дейін оқиға салдарынан ондаған адам қаза тауып, жүзден астам пәкістандық жараланғаны хабарланған болатын. Қылмысты «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өз мойнына алды.
Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері кез келген лаңкестік актісі ұйымдастырушылардың "ниетіне, қай жерде, қашан болғанына және кім жасағанына" қарамастан кешірілмейтінін мәлімдеді.
Олардың сөзінше, мұндай әрекеттер халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Сондықтан қылмысқа қатысы барларды жауапқа тарту қажеттігін айтты.
Назерке Өтеген