Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) АҚШ/Израиль мен Иран арасындағы соғыс аясында Ормуз бұғазының жабылуынан туындаған бағаның өсуіне және бұл жағдайдың түрлі елдер халқы үшін теріс салдарына назар аударды.
Anadolu агенттігінің мәліметінше, бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак Нью-Йорктегі ұйым штаб-пәтерінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Хак БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің соғыс салдарынан Ормуз бұғазының ұзақ уақыт жабық болуы әлемдік саудаға кері әсер етіп отырғаны туралы сөздерін келтірді.
Бас хатшы журналистер алдында сөйлеген сөзінде Ормуз бұғазындағы жағдайдың ұзаққа созылуы көптеген Африка елдеріне, әсіресе энергия тасымалдаушылары мен тыңайтқыш бағасының күрт өсуі салдарынан ауыр зардап әкелгенін егжей-тегжейлі айтты, – деді Хак.
Оның айтуынша, Гутерриш Найробидегі БҰҰ бөлімшесінің аумағында салынатын жаңа конференц-залдың іргетасын қалау рәсіміне қатысып, сол жерде журналистер алдында сөз сөйлеген. Сондай-ақ ол Ормуз бұғазында кеме қатынасы еркіндігін толық қалпына келтіруге тағы да шақырған.
Бұған дейін 27 сәуірде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде сөйлеген сөзінде Гутерриш су жолдарының қауіпсіздігі «халықаралық тәртіп үшін үлкен сынаққа» айналғанын айтқан еді. Оның пікірінше, қазіргі жағдай, әсіресе Африка мен Оңтүстік Азия елдерінде, «миллиондаған адамды аштық пен кедейлікке итермелеп отыр».
Гутерриш Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы құқықтары мен еркіндігін құрметтеудің маңызын ерекше атап өтті.
Мен тараптарға үндеу жасаймын: бұғазды ашыңдар, кемелердің ешқандай алымсыз әрі кемсітусіз өтуіне мүмкіндік беріңдер, сауданың қайта жандануына жол ашыңдар, әлемдік экономикаға тыныс алуға мүмкіндік беріңдер, – деді ол.