БҰҰ: Конгодағы Эбола індеті азық-түлік дағдарысын ушықтырып жатыр

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметінше, өңірде 10 миллионға жуық адам аштық қаупіне тап болып, індет гуманитарлық көмекті жеткізуді қиындатқан.

 istockphoto.com 31 Шілде 2026, 09:55
31 Шілде 2026, 09:55
145
Фото: istockphoto.com

Конго Демократиялық Республикасының (КДР) шығысындағы Эбола індеті өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін одан әрі ушықтырып отыр. Бұл туралы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (ДАТБ) мәлімдеді.

ДАТБ атқарушы директорының орынбасары Карл Скау Итури провинциясына сапары кезінде Эбола індетін «бұрыннан бар дағдарыстың үстіне қосылған тағы бір дағдарыс» деп атады.

Оның айтуынша, елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жағдай індет басталғанға дейін де өте күрделі болған.

Шамамен бес миллион адам азық-түлік тапшылығының төтенше деңгейінде өмір сүріп жатыр, ал кейбір аудандарда жағдай апатты деңгейге жетті, – деді Скау.

Ол Эбола індеті базарлардың жұмысы мен жеткізу тізбектерін бұзып, халықтың аштықпен күресін одан әрі қиындатқанын атап өтті.

Скау мұқтаж адамдарға азық-түлікті тұрақты жеткізу індетпен күрестің негізгі бағыттарының бірі екенін де айтты.

Әйтпесе адамдар денсаулық сақтау органдарының Эболамен күрес жөніндегі ұсынымдарын орындаудан гөрі, ертең не жейтінін көбірек ойлайтын болады, – деді ол.

10 миллионға жуық адам аштыққа тап болды

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметінше, КДР-дың шығысындағы көп жылдан бері жалғасып келе жатқан қарулы қақтығыстың салдарынан шамамен 10 миллион адам аштықтың дағдарыстық немесе төтенше деңгейінде өмір сүріп жатыр.

Қазіргі Эбола індетінің ошағы болып отырған Итури провинциясында азық-түлік тапшылығы 1,9 миллион адамға әсер еткен.

Індет тараған 48 медициналық округте 2,7 миллионнан астам адам азық-түліктің өткір тапшылығын сезініп отыр. Оның ішінде 628 мың адамға шұғыл гуманитарлық көмек қажет.

Эбола Африкада мыңдаған адамның өмірін қиды

Ауыр геморрагиялық қызба туғызатын Эбола вирусы алғаш рет 1976 жылы Судандағы Нзара қаласы мен Конго Демократиялық Республикасындағы Ямбуку ауылында бір мезгілде анықталған.

Ауру атауын алғашқы індет ошақтарының бірі тіркелген елді мекенге жақын орналасқан Эбола өзенінен алған.

2013 жылғы желтоқсанда вирус Батыс Африка елдеріне тарады. 2014-2017 жылдардағы індет кезінде Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде шамамен 30 мың адам вирус жұқтырып, 11 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Итури провинциясында ауру жұқтырды деген 246 күмәнді жағдай мен 65 өлім тіркелгеннен кейін 15 мамырда Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті ресми түрде жарияланды.

Денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, қазіргі індет Эбола вирусының сирек кездесетін Bundibugyo нұсқасынан туындаған. Бүгінде оған қарсы мақұлданған емдеу тәсілі де, вакцина да жоқ.

Наверх