БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанның тәжірибесін талқылады

30 Қаңтар 2021, 20:32
2533
Бөлісу:
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанның тәжірибесін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері және Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы басқа мемлекеттердің 100-ге жуық өкілдері бейнеконференцияда Қазақстан мен басқа елдердің қақтығыс аймақтарынан балаларды қайтару және оларды кейіннен қайта біріктіру бойынша тәжірибесін талқылады.

Қарулы қақтығыстардағы балалардың проблемаларына және осы саладағы ынтымақтастықты тереңдету жолдарын іздеуге арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Аррия формуласы» бойынша кездесуін БҰҰ жанындағы Қазақстан мен Ресейдің Тұрақты өкілдіктері БҰҰ Бас хатшысының Балалар және қарулы қақтығыс жөніндегі арнайы өкілінің Хатшылығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Бейнеконференцияға қатысушылар балаларды қақтығыс аймағынан босату және оларды отанына қайтару бойынша пікір мен тәжирибемен алмасты, сондай-ақ балаларды қоғамда, әсіресе COVID-19 пандемиясы жағдайында оңалту және қайта біріктіру процесінде тұрған сын-тегеуріндерді қарастырды.

ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов Қазақстан 2019 жылы басталған өз азаматтарын, бірінші кезекте балаларды, Сирия мен Ирактан қайтару бойынша күш-жігерін жалғастыратынын мәлімдеді. Ол 2019-2020 жылдары «Жусан» және «Русафа» арнайы операциялары барысында отанына оралған балалар мен әйелдердің әлеуметтік-психологиялық оңалту бағдарламасының нәтижелері және қоғамға реинтеграция процесінің ерекшеліктері туралы айтып берді.

Қазақстаннан қашқандардың 80-85%-ы өз шешімдеріне өкініп, жаңылыстырылған деп мойындайды. Балалар қылмыстың куәсі болды және ата-аналарының әрекеттерінің құрбаны болды. Олар бомба жарылыстары мен өлімді көрді. Біздің міндетіміз – бұл балалардың өміріне елеулі әсер етпес бұрын жарақаттан кейінгі синдромдардың алдын алу бойынша жұмысты жалғастыру, - деп атап өтті Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі.

Іс-шара қатысушыларына «Жусан» операциясы және Сирия мен Ирактан оралған әйелдер мен балаларды оңалтудың қазақстандық бағдарламасының нәтижелері туралы 5-минуттық бейнеролик көрсетілді.

АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Норвегия, Вьетнам, Кения, Тунис және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше басқа да елдердің өкілдері өз сөздерінде Қазақстанның 600-ден астам азаматын, оның ішінде әйелдер мен балаларды репатриациялау бойынша практикалық тәжірибесін, олардың қоғамда реинтеграциялануын жоғары бағалады. Қазақстандық мамандардың балаларды әлеуметтік-психологиялық қалпына келтіруге және олардың стигматизациялануының алдын алуға бағытталған күш-жігеріне ерекше назар аударылды.

БҰҰ Бас хатшысының Балалар және қарулы қақтығыс жөніндегі арнайы өкілі Вирджиния Гамба өз сөзінде Қазақстан мен бірқатар басқа елдердің балалардың мүдделерін қорғау ісіне бейілділігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Ирак пен Сирияның солтүстік-шығысында шетелдік азаматтардың мыңдаған балалары әлі де күрделі жағдайда тұр.

Бұл балалардың психологиялық денсаулығына, қауіпсіздігіне және жалпы дамуына қауіп төніп тұр. Олар психологиялық жарақатқа, стигматизацияға және жақын маңдағы террористік топтардың белсенділігіне байланысты қауіпке ұшырайды. Олар кез келген басқа балалар сияқты қалыпты өмір сүру құқығына лайық, - деді БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі.

«Аррия формуласы» бойынша отырыстар – бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі немесе мүшелері икемді рәсімдік шеңберлерді пайдалана отырып, жеке тәртіппен ашық пікір алмасу жүргізу мақсатында және тыңдауға пайдалы болатын және қандай да бір нәрсені хабарлағысы келетін адамдардың қатысуымен ұйымдастыратын бейресми ашық кездесулер. Олар Кеңестің мүдделі мүшелеріне үкіметтер мен халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдерімен, сондай-ақ өздері айналысатын және Қауіпсіздік кеңесінің өкілеттіктері қолданылатын мәселелер бойынша мемлекеттік емес субъектілермен тікелей диалогқа қатысуға мүмкіндік береді.

Отырыстардың бұл форматы 1992 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Венесуэланың өкілі ретінде тәжірибені қолдана бастаған Венесуэла елшісі Диего Аррийдің есімімен аталған.

Өзгелердің жаңалығы