БҰҰ дабыл қақты: Әлемді аштық жайлап келеді

13 Шілде 2021, 15:40
3854
Бөлісу:
БҰҰ дабыл қақты: Әлемді аштық жайлап келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы әлемде аштық мәселесі коронавирус пандемиясы салдарынан күрт өсті. Бұл туралы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы хабарлады деп жазады Интерфакс.

Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қоры, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеген баяндамаға сүйенсек, өткен жылы аштық салдарынан 811 млн-ға дейін адам зардап шеккен.

2020 жылы әлемде аштық проблемасы бірден өсті. Бұған басты себеп COVID-19 пандемиясы болып отыр, - делінген ұйымның сайтында.

Аштыққа ұшырағандардың басым бөлігі Азияда тұрады, олардың үлес салмағы 418 млн адамды құрап отыр. Ал Африка мемлекеттерінде 282 млн халық аштыққа ұшыраған. Латын Америкасы мен Кариб бассейні аймағындағы мемлекеттерде де жағдай мәз емес, ашыққандар саны 60 млн адамға тең.

Алайда Африкада аштықтың бірден өсуі болған. Қарны тойып тамақ жемегендер саны халықтың 21%-ына тиесілі. Бұл әлемнің кез келген аймағына қарағанда екі есе көп.

Шілдеде БҰҰ қамқорлығымен Римде Жаһандық азық-түлік жүйелері бойынша саммитке дайындық басталады. Оның қатысушылары аштықпен күрес, климаттың өзгеруі, теңсіздік және қақтығыстарды шешу жолдарын талқылайды деп күтілуде.


Өзгелердің жаңалығы