БҰҰ-да 71 қазақстандық волонтер жұмыс істейді - министр

19 Тамыз 2022, 12:14
807
Бөлісу:
БҰҰ-да  71 қазақстандық волонтер жұмыс істейді - министр

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Орталық Азия волонтерлері  форумының пленарлық сессиясында айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Министр халықаралық волонтерлік қызметті дамыту туралы айтты.

Біздің форумның серіктесі – БҰҰ Еріктілер бағдарламасы. Бүгінде БҰҰ жүйесінде қазақстандық 71 ерікті жұмыс істейді, оның 42-сі әйел. 7 қазақстандық волонтер біздің министрлік пен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы арасындағы серіктестік туралы келісім бойынша Иордания, Кения, Түркия және Тайландтағы БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында табысты жұмыс істеп жатыр,- деді ол.

Омаров атағандай, қазақстандық еріктілер өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, БҰҰ-ның жоғары бағасына ие болды.

Оң тәжірибені ескере отырып, біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. 2020 жылы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қолдаған БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары мәтініне алғаш рет «Еріктілікті тұрақты дамудың күн тәртібін іске асырудың қуатты және әмбебап құралы ретінде тану туралы» тармақ енгізілгенін атап өткен жөн. Елімізде волонтерлік қызметті одан әрі дамытумен қатар, біз әртүрлі халықаралық диалог алаңдарында Мемлекет басшысының халықаралық волонтерлік жұмылдыру жылын жариялау туралы бастамасын ілгерілетеміз,- деді Омаров.

Айта кетейік, Волонтерлер форумының сессиясына Сенат спикері, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты координаторы Микаэла Фриберг-Стори және тағы басқалары қатысты.

Өзгелердің жаңалығы