БҰҰ Бас хатшысы ЖИ-ге халықаралық бақылау орнатуды ұсынды

Гутерриш жасанды интеллектіні дамытып жатқан елдер қауіпсіздік қатерлері туралы ақпарат алмасып, технологияларды тестілеу мен бағалау бойынша ынтымақтастық орнатуы қажет екенін айтты.

23 Қыркүйек 2026, 07:12
АВТОР
 REUTERS/Shannon Stapleton 23 Қыркүйек 2026, 07:12
23 Қыркүйек 2026, 07:12
86
Фото: REUTERS/Shannon Stapleton

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Бас Ассамблеяның 81-сессиясындағы соңғы үндеуінде әлем көшбасшыларын жасанды интеллектті жаһандық деңгейде реттеуге, қақтығыстарды тоқтатуға және климаттың өзгеруіне қарсы күресті күшейтуге шақырды.

Reuters-тің мәліметінше, Гутерриш жасанды интеллектіні дамытып жатқан елдер қауіпсіздік қатерлері туралы ақпарат алмасып, технологияларды тестілеу мен бағалау бойынша ынтымақтастық орнатуы қажет екенін айтты. Ол жасанды интеллектіге байланысты тәуекелдерді басқарудың көпжақты жүйесін құруды және оны тәуелсіз бақылау тетіктерімен қамтамасыз етуді ұсынды.

БҰҰ басшысы әлемдегі қақтығыстардың кеңеюіне алаңдаушылық білдіріп, әсіресе Таяу Шығыста шиеленісті бәсеңдетуге және диалог орнатуға шақырды. Ол гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз ету және халықаралық құқыққа сәйкес кеме қатынасының қауіпсіздігін қалпына келтіру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Гутерриш Израиль мен Палестина арасындағы жанжалды шешудің екі мемлекет құру қағидатын қолдайтынын мәлімдеді. Ол климаттың өзгеруіне байланысты ластаушылардың жауапкершілігін күшейтуді және БҰҰ институттарын реформалауды қолдады.

Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі екінші бесжылдық өкілеттік мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Ол ұйымды он жыл басқарған кезеңінде қақтығыстарды реттеу және жаңа технологияларды халықаралық деңгейде басқару мәселелерін негізгі бағыттардың бірі ретінде көтеріп келді.

БҰҰ басшысы халықаралық институттар қазіргі әлемдегі билік пен мүдделердің өзгеруін толық көрсете алмай отырғанын айтып, оларды жаңғырту қажеттігін де атап өтті.

Наверх