Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриштің айтуынша, Жер шары халқының жартысына жуығы климаттың өзгеруіне байланысты қауіп-қатермен бетпе-бет келеді.
Бұл туралы ол австриялық әлемдік саммитке қатысушылар алдындағы үндеуінде мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС .
Оның айтуынша, климатқа байланысты дағдарыстың ең нашар салдарының өзін мүмкіндігінше тезірек болдырмаудың жолын қарастыру керек. Гутерриш біздің планетамыздың 1,2 градусқа жылынғанын атап өтті. БҰҰ Бас хатшысы баршаны белгіленген шекті 1,5 градустан асырмас үшін және ғасырдың ортасына қарай ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың нөлдік деңгейіне жету үшін оны 2030 жылға қарай 45% төмендетуге шақырды.
БҰҰ Бас хатшысының мәліметінше, 2021 жылы энергетикалық саладағы CO2 зиянды қалдықтары 6%-ға өсті. Осы онжылдықтың қорытындысы бойынша ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар көлемі 14%-ға артады.
Көптеген елдің билігі уақытты созып жатқанда, әрекетсіздік ауыр зардаптарға әкеліп жатыр. Климаттың өзгеруі қазірдің өзінде сезіліп қалуда және адамзаттың жартысына жуығы қауіпті аймаққа түсіп отыр, - дейді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш