Мемлекет басшысы экономиканы либерализациялау туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бұл құжаттың бағыттары, еліміздегі кәсіпкерлік пен бәсекелестікке ықпалы жөнінде Экономикалық зерттеулер институтының басқарушы директоры Мұқан Бауыржаннан сұрап білдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұқан Бауыржан құжаттың негізгі бағыттарын атап өтті.
Жекеменшікке қолсұғылмаушылықты қамтамасыз ету, жеке кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі, нарыққа қатысушылар арасындағы еркін бәсекелестікті дамыту, нарыққа қол жеткізу үшін реттеуші және әкімшілік кедергілерді төмендету, мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынастарды әкімшілендіруге жұмсалатын бизнестің шығындарын жаппай азайту, - деді ол.
Сарапшы дүние жүзінде АҚШ-ты ең либералды экономика деп қарастыруға болатынын айтты.
АҚШ экономикасында капиталдардың қозғалысына деген бақылау шектелген, тіпті жоқтың қасы. Экономикадағы әкімшілік кедергілер өте төмен. ХХ ғасырдың аяғынан бастап валюталық бақылау деген мүлде жоқ. Құқықтық және сот жүйесін әкімшілендіруге байланысты толыққанды тәуелсіздік орын алады. Жекеменшік сектордың құқы өте жоғары деңгейде қорғалған. Бұл – бәсекелестіктің дамуына бірден-бір әсер ететін факторлар, - деді Мұқан Бауыржан.
Экономиканы либерализациялаудың негізгі мақсаты – мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Сарапшы Қазақстанда ол үшін үкімет тарапынан 2025 жылға дейін мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендету кешенді жоспары жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Қазақстан бойынша мемлекеттік меншікте және квази мемлекеттік секторда 675 обьект бар екен. Соның ішінде 7 обьект республикалық меншікте, 250 обьект коммуналдық меншікте, 262 обьект ұлттық холдингтар мен компанияларға тиесілі. Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға 150 обьект тиесілі. Сәйкесінше бұл обьектілердің біршама мөлшерін жекеменшік секторға беріп, оны жекешелендіру процесі жүріп жатыр, - деді ол.
Сарапшы мұны экономиканы ырықтандыруға қатысты алғышарттардың бірі деп есептейді. Сондай-ақ ол квазимемлекеттік секторлардағы мемлекеттік сатып алуға қатысты шектеулерді қою жөнінде айтты.
Бұл кез келген нарықта жеке кәсіпкерлердің сол мемлекеттік сатып алуға қатысты мүмкіндіктері ашылады деген сөз. Бұл өз алдына кәсіпкерліктің белгілі бір деңгейде ынталандыру шаралары болып есептелініп, кәсіпкерліктің жалпы белсенділігін арттыратын негізгі алғышарт деп есептеуге болады. Бұрын-сонды мұндай еркіндік берілген жоқ. Мұндай ырықтандыру процесі жүрген жоқ болатын. Сондықтан бұл белгілі бір деңгейде кәсіпкерліктің белсенділігіне бірден-бір әсер ететін фактор деп есептеймін, - деді ол.