Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бурахан Даханов көпке үлгі болып, Алматы облысы Талдықорған қаласынан солтүстікке қоныс аударған қоғам белсендісі.
Ол 2016 жылы Ұлтшылдар қауымдастығын құрып, мемлекетке пайдасы тиетін дүниелерге белсенді атсалысып келеді. Оның айтуынша, солтүстікке көшу бағдарламасы көңіліне қонымды іс. Ұлтқа қызмет етем деген адамға керемет мүмкіндік. Осы орайда оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған тұрғынмен сұхбаттасқан едік.
- Оңтүстік тұрғындарын солтүстікке көшіру бағдарламасына білек сыбана кірісіп жүрсіз. Жалпы, еліміздің солтүстік өңірінде қандай мәселелер бар?
- Менің «Теріскейге жорық» атты үндеу-ұранымнан кейін көптеген адам көшуге ниетті екендерін айтып, қолдап жатыр. Дегенмен, осы тұста айтарым бар. Өздеріңіз білетіндей, күні кеше өз басым Солтүстік Қазақстандағы аудандарды барлап қайттым. Табиғаты тамаша болғанымен, көңіліме қаяу түсірген бір дүниені айта кетейін. Солтүстік өңірі жер еміп, жағдайын жасаған бай мекен. Дегенмен, ірі деген 5 шаруа қожалықтың төртеуінің қожасы, орталықтарындағы үш дүкеннің екеуінің иесі һәм көшеден қымбат көлік мінген 5 адамның төртеуі өзге ұлт өкілдері екен. Жергілікті қазақтардың көбі кәсіпке емес, мемлекеттік қызметтерде немесе жаңа атап өткен шаруа қожалықтарында жұмысшы болып істейді.
- Көшіп келіп жатқандардың арасында кері кетіп жатқандар да бар. Бұл мемлекет тарапынан дұрыс жағдайдың жасалмай жатқанын көрсете ме? Әлде...
- Соңғы уақытта телефоныма маза жоқ, көбі Үкімет көмектесе ме, үй бере ме, ақша бере ме, жұмыс тауып бере ме деген сұрақ қояды. Бірақ, шыны керек, өз тұрған жеріңде өз-өзіңді қамтамасыз ете алмай, жұмыс істемей, еңбектене алмай жүрсең, бұл жақта да аяққа тұрып кетуің неғайбыл. Сол себепті, тек Үкіметтің көмегіне сеніп келер болсаң, онда көшпегенің дұрыс. Ал нақты келем десең, жұмыс көп. Ерінбесең болды деп кейбіреуінің бетін қайтарып та жатырмын. Себебі, басты мақсатым – солтүстікті қазақыландыру болғанымен, өз-өзіне көмектесе алмайтын адамды ол жаққа көшіріп, бала-шағасының обалына қалғым келмейді. Олай дейтінім, көшіп бармай, жай көріп қайтуға барған кей адамдардың: «Үйлері сапасыз екен, есік алдында қақпасы жоқ, су жылытатын аристоны жоқ, газы жоқ», - деп «тегін аттың тісін қарап, арасынан құрт іздегендер» де болып жатыр. Білем, бәрі жақсы өмір іздейді, бірақ сол өмірді өзің іске асыр. Әйтпесе, басқа біреу саған жасап бере ме?
Сол себепті, көшіп келушілерге айтарым, алдымен Тәңірге, артынан өзіңе, сосын қауым болып бірге барған мына бізге, ең соңынан Үкіметке сен. Келер болсаң жай келме, өсемін, өнемін, байимын, малданамын, аяққа тұрамын деп кел.
- Жаңа қонысқа келген азаматтарға қандай ақыл-кеңес айтатын едіңіз?
- Мәселен, солтүстіктегі мен баратын ауылға шамамен тағы 60 отбасы келеді. Демек, 60 отбасының әрқайсысында үш баладан болса, орта есеппен 180 бала. Көшетіндердің көбінің орта жасы 40 жас болса, 5-ке толмаған балалар саны орта есеппен 60 бала дейік. Сол 60 балаға балабақша керек. Балабақша ашамын деп кел. Сол 180 балаға үйірмелер қажет. Сурет, би, домбыра, түрлі спорттық жаттығуларды үйрететін үйірмелер керек. Үйірме ашамын деп кел.
- Өзіңіз және отбасыңыз туралы айтсаңыз?
- Мен 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келдім. Жасқа толар-толмастан ата-анам Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы бұрынғы Шұбартау ауданында Баршатас деген жерге қоныс аударып, сол жақта балалық шағым өтті. Анам сол жақта білім саласында еңбек етті, ұстаз, директордың орынбасары, директор болып қызмет атқарды. Кейін үлкен апамыз ауырып қалып, ол жерден қайта көшіп кеттік. Кішкентай кезімнен көшіп-қонып жүргеннен кейін, маған басқа адамдарға қарағанда көшкен оңайырақ. Сол себепті көшуден қорықпаймын. Төрт балам бар. Жақсы орналастық, Үкімет бізге үй берді. Адам басына беретін 204 мың теңгеден жәрдемақысын да алдық. Қысқасы, үйреніп кетеміз деген ойдамыз. Қасымда мен арқылы көшіп келген 3-4 отбасы бар. Солармен бірігіп, жақсы қарым-қатынастамыз.
- Өзіңізді блогер деп есептейсіз. «Теріскейге жорық» телеграмм каналыңыз бар. Блогер ретіндегі мақсатыңыз мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, қоныс аударуды ниет еткендерге ақпараттық көмек көрсету ғой?
- «Теріскейге жорық» каналымда қазіргі таңда 5 мыңнан астам оқырманым бар. Мұндай аудиторияны шамамен үш айдың ішінде жинап үлгердім. Шынымды айтсам, мен үшін блогер болудың қатты қадірі жоқ. Мен кейде ішімдегі ойымды жазамын, оны бір құрал ретінде емес, таныстық алаңы сияқты пайдаланамын. Еліміздің кез келген жеріне барып, сол жайында әлеуметтік желіге жазсам, сол жерде күтіп алатын адамның болатынына сенімім зор. Сол бір артықшылығына риза боламын.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек» деді. Қазіргі таңда бағдарламаның жүзеге асу қарқыны қалай?
- Елдің солтүстік өңіріне тек қана үйсіз жұмысшыны ғана емес, кәсіп ашып, мал, егін өсіремін дегендерді жіберу керек. Өйткені олар сол жақтан солтүстік мекенге жұмыс күшін өздері-ақ шақырып алады. Бұл - экономикалық тұрғыдан да аса ұтымды қадам. Менде осы дүниені барынша реттеп, жүйелейтін жоба бар. Соны іске асырсақ, солтүстік гүлденіп шыға келеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, оңтүстік пен батыстағы аудан, ауылдардың жағдайы мәз емес. Мысалы, биыл Қызылорда мен Маңғыстауда жұт болды. Жылда оларды жем-шөппен қамтамасыз ету көп шығынды талап етеді. Сол үшін де оңтүстік тұрғындарын мал-жанымен көшуі үшін ынталандыру керек. Бұл - бір жағынан қазақыландыру ісі. Солтүстікті қаракөздеріміз игере бастайды.
- Әңгімеңізге рахмет!