Бурабай бағытындағы тасжолда қауіпті әрекетке жол берген жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Жеңіл көлікпен келе жатқан жолаушылардың қозғалыс кезінде терезеден денесін шығарып, видео түсірген сәтін куәгерлер байқап, материалдарды полицияға жолдаған.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол қозғалысы ережесінің өрескел бұзылғаны туралы хабар Instagram желісіндегі Direct арқылы түскен. Куәгер Бурабай бағытына қарай жүретін, көлік қозғалысы қарқынды автожолда жеңіл көліктің жолаушылары қозғалыс кезінде терезеден шығып, ұялы телефонға видео түсіргенін хабарлаған.
Полиция қызметкерлері ұсынылған фото және бейнематериалдарды зерделеу барысында көліктің үш жолаушысы – қыздардың қозғалыс кезінде терезеден денесін шығарып отырғанын анықтады. Осылайша олар өздерінің ғана емес, жол қозғалысына қатысатын өзге адамдардың да қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Полициядағылар әлеуметтік желіге әсерлі кадр жариялауға ұмтылған кейбір жастар оның салдары туралы ойлай бермейтінін атап өтті. Ал жол үстіндегі кез келген абайсыз әрекет ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Патрульдік полиция қызметкерлері Hyundai Elantra көлігінің жүргізушісін жедел анықтады. Ол Астана қаласының студенті болып шыққан. Жас жігіттің айтуынша, 4 маусым күні ол көлікті жалға алып, үш қызбен бірге демалуға Бурабайға жолға шыққан.
Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері онымен жол қозғалысы ережелерін сақтау және жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік туралы профилактикалық әңгіме жүргізді.
Полиция департаменті әлеуметтік желідегі танымалдыққа ұмтылу адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге тиіс екенін еске салды.