Бурабайдың туристік маусымға дайындығы қалай?

10 Маусым 2020, 18:03
4203
Бөлісу:
Бурабайдың туристік маусымға дайындығы қалай?

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Щучинск-Бурабай курортты аймағы тарихи-мәдени мұраға бай. Оның елордаға жақын орналасуы туристер қатарының жылдан-жылға артуына жол ашуда. 

Бүгінгі күні курортты аймаққа жылына 813 мың турист келеді. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 600 000-ға жетеді деп күтілуде. 2019 жылы Бурабай ТМД елдері арасында үздік курортты аймақтардың бірі ретінде танылды. 

Жаз бойы жергілікті санаторийлер 500 мыңнан аса туристерге қызмет көрсетсе, тәулігіне 9 мыңнан аса демалушыны қабылдауға қауқарлы. 
Жаз мезгілінде курортты аймақ 500 мыңға жуық туристерді қабылдайды. Тәулігіне 9 мың туристі қабылдауға қауқарлы. Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасының ІІІ кезеңіне сәйкес облыс әкімдігімен 27 шара өткізу жоспарланған. Бұл жобалар инженерлік инфрақұрылым, логистика, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, туристік әлеуетті арттыруға бағытталып отыр, - дейді Туризм басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Алмас Сағдиев.
Жыл сайын туристік инфрақұрылым нысандарының қатары да артуда. Көрікті мекенді дамытудағы ауқымды жобалардың бірі – Үлкен Шабақты мен Текекөл көлдерінің аралығындағы 250 га аумаққа салынатын "AQBURA Resort" курортты аймағының құрылысы. Жоба құны – 100 млрд теңге.
Бұдан бөлек Бурабай поселкесінде BI-Group компаниясы 14 га аумақта 6 млрд теңгенің жобасын іске асыруда. Көпфункционалды кешен құрамына қонақүйлер, promenade аймағы кіреді. Жоба биылғы жылдың шілдесінде аяқталады. Бұл – үш қабатты апартаменттер, террасалары бар екі қабатты таунхаустар. Құрылыс жұмыстары ТЖ кезінде де тоқтаған жоқ. Бурабай поселкесінің алаңы, аллеясы абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды, - дейді Алмас Сағдиев.
Сондай-ақ, "Орленок" аквапаркі мен спорттық-сауықтыру кешенін жаңғырту, қонақ үй мен мәдени-тұрмыстық және ойын-сауық нысандарн, "Інжу" отелінің аумағында үш бассейн, "Жеке батыр" санаторийінің жаңа корпусы сияқты жобалар да аяқталады деп күтілуде.  Курортты аймақта аттракциондары бар 42 метрлік шолу алаңы биылғы жылдың шілдесінде жұмысын бастайды.
Туристік бағыттар абаттандыылып, Щучье, Бурабай көлдері маңайындағы жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарының құрылысы аяқталды, туристік бағыттар абаттандырылды. Курортты аймақты әрі қарай да дамытуға шетелдік капитал тарту үшін инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылуда. Зерендіде де туристік маусымға дайындық жүргізуде. "Щучинск-Зеренді" жаңа автожолы мен "Ауыл – ел бесігі" жобасы зор мүмкіндіктерге жол ашуда. Оның аясында жолдар мен инженерлік желілерді жөндеуге 1,3 млрд теңге қаражат бөлінді. "Zerenda Park" демалыс аймағында саябағы бар коттедждер қалашығы салынуда. "Aurora Garden" отбасылық демалыс орталығы кеңейтіліп, екі қабатты асхана салынады, - дейді Алмас Сағдиев.
Елімізде орын алған пандемия барлық демалыс үйлері, санаторийлер, отельдер мен балалар сауықтыру орталықтары, қонақүйлердің жұмысын ақсатты. 
Турбизнес меймандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Үш сағат сайын бөлмелерді зарарсыздандыру, 50-100 метр сайын санитайзерер орнату, сағат сайын демалушыларға бірреттік маскалар тарату, қызметкерлер мен келушілердің дене қызуын бақылау, COVID-19 белгілерін тексеру – барлығы бизнеске аз шығын әкелмейді. Стандартқа сай бөлмелердегі арақашықтық екі метр болу керек, бұл орындардың едәуір қысқаруына әкеледі, - дейді Ақмола облысының Туризм және демалыс ассоциациясының төрағасы Шынарбек Батырханов.  
Оның айтуынша, пандемия ішкі туризмді түлетуге жол ашып отыр. Осы ретте, ақмолалықтардың жергілікті курорттарда қолжетімді бағаға демалуға мүмкіндік бар.
Бұрын туристік маусым кезінде демалушылардың көптігінен жергілікті тұрғындар Бурабайға бара алмайтын. Карантин ішкі туризмді дамытуға серпін берді. Бұрынғыдай туристер ағыны жоқ, сондықтан да ақмолалықтардың демалуына мүмкіндік мол. Әр аймақта ақпараттық орталықтар бар. Осы ретте ел тұрғындарына отандық курорттар, табиғатымыз бен тарихи құндылықтарымызды насихаттағанымыз жөн, - дейді Шынарбек Батырханов.

Өзгелердің жаңалығы