Бурабайдағы атты экскурсия

16 Маусым 2020, 18:56
4160
Бөлісу:
Бурабайдағы атты экскурсия
PHOTO VIDEO
Фото: автордан

Бурабай, BAQ.KZ тілшісі. Саяхат барысында турист өз демалысын қызықты ұйымдастыруына болады. Бурабайға барғандар көлге түсіп, тауға көтерілгеннен басқа немен айналысуларына болады? Ол жақта туристер үшін қандай ойын-сауық қарастырылған? Осы ретте саяхат барысында әдеттегіден ерекше болсын деп, атты тур ұйымдастырушыларымен байланыстық. Экскурсияға орын алып, қала орталығынан Бурабайдың орман алқабына аттандық.

Бурабай курортының орталық көшесі - Кенесарының бойында турфирмалар бар. Олар туристерге курорт бойынша турларын ұсынады. Атты тур бір жарым сағат уақытты алады. Бағасы 3500 теңге. Бурабайдың орталығынан қала сыртына дейінгі барып-келу уақыты 20-30 минутты алады. Нұсқаулықпен таныстыру 5-7 минутты болса, аттың үстінде қыдыруға 50 минуттай уақыт кетеді. Атқа 6 жастағы баланың отыра беруіне болады. Тіпті баласында церебральды сал ауруы (ДЦП) бар ата-аналар ем үшін осында келеді. Дәрігерлердің нұсқауымен арнайы келіп, балаларын атқа отырғызады. Оларға ат үстінде отыру өте пайдалы. Аттың бәрі үйретілген. Жуас. Егер адам қорқып тұрса, оны аттар сезеді. Кейде ішімдік ішіп алған туристер де келеді. Дегенмен мас адамдарды тез сезетіндіктен, біз оларды атқа жібермейміз. Ат шаршамай тұрып, ерте қыдырған дұрыс, - дейді тур ұйымдастырушысы Надежда Иванова.

image-16-06-20-15-24-8.jpeg

Саяхатшылар үшін атты турдан басқа да қызықты серуендер, музейге саяхат, Бөлектауға көтерілу, Оқжетпеске өрмелеу, мото-сафари, джип-сафари сияқты экстрим-маршруттар да бар. Турлардың бағасы 1700 теңгеден басталады. 

Осылайша, курорт аймағының сыртында орналасқан ипподромға аттандық. Нұсқаушы серуенге келген қонақтарды қауіпсіздік ережесімен таныстырды. Түсіндіріп болған соң, әр туристі атқа отырғызды. Ал қонақтар атқа жайғасып алған соң, бірінің соңынан бірі ілесіп маршрут бойынша жүріп отырды. 

image-16-06-20-15-24-7.jpeg

Серуен кезінде 23 жастағы нұсқаушы Айбақытпен тілдесіп, жұмысы туралы сөз қозғадық. Айбақыт бала кезінен атты ұнатқандықтан, осы салаға жұмыс істеуге келген. 

image-16-06-20-15-24-3.jpeg

Атқа міну үшін адамда қорқыныш сезімі болмауы керек. Қолға үйренген ат болғандықтан, серуендеуге адамдарға береміз. Атқа отырар кезде аттың сол жағынан келіп, тізгінді сол қолға алып, ер-тоқымның алдына қолды қою керек. Кейін сол үзеңгіге сол аяқты салып, оң қол ер-тоқымның артында оң аяқпен ер-тоқымға көтерілеміз. Отырғанда екі аяқты да үзеңгіге салғаннан соң, тепе-теңдікті сақтап, аяқтың басын қойып, өкшені төменге қарай қатты тіреп отырамыз. Тізгінді ұстағанда екі жағы бірдей болуы керек. Қысқа ұстасақ, аттың басын басқару оңайырақ болады. Негізгі ережелері осы - қауіпсіздік шарасын сақтау. Келген туристердің қызығушылығын ояту. Маршрут барысында әдемі жерлерді көрсету. Дегенмен біздің ең бірінші ережеміз – адамдардың қауіпсіздігі. Бала кезімнен ат ұнағандықтан, осы жолды таңдадым. Отбасымды осы кәсіппен асырап отырмын, - дейді нұсқаушы. 
image-16-06-20-15-24-5.jpeg

Сонымен қатар, маусым басталғанда 200-ден астам турист атқа отыру үшін келеді екен. 

image-16-06-20-15-24-6.jpeg

Бұл аттар тек бір бағытта ғана жұмыс істемейді. Араларында бәйгеге қатысып, Көкпар ойнайтын аттар бар. Бурабай аймағында осы салада жүргенімізге 4-5 жыл болды. Атқа міну – адам денсаулығына пайдалы. Атқа мінген кезде адамның барлық мүшесі қозғалады. Қан айналымы жақсарады. Көптеген аурудың емі, белдегі грыжаны кетіреді, қуықасты бездерінің ауруына пайдасы мол. Кезінде ата-бабаларымыз ат үстінде жүрген. Олардың денсаулығы да мықты болған. Осындай мүмкіндік болып тұрғанда атқа мініп тұрған дұрыс. Маусым басталғанда күніне 200–ден астам қонақ келеді. Ал сезон аяқталғанда өзіміздің тұрақты келушілеріміз бар. Олардың сұрауы бойынша ат дайындап береміз. Аттан құлап қалу жағдайлары болды. Жарақат алған жағдайлар тіркелген жоқ. Себебі біз атқа отырар алдында барлық қауіпсіздік ережесімен таныстырамыз. Ешкім шауып кетпейтіндей, серуен барысында бақылап жүреміз. Қызықты оқиғалар болып тұрады. Кейде адаммен, кейде тіпті аттың өздерімен қызықты сәттер болады. Ең бастысы - адамдардың көңілін табу, қас-қабағына қарап сөйлеу. Қазір сезон басталғанда таңғы 10-нан кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Серуен барысында 2 уақыт суарылады, ал таңертең және кешкісін жем беріледі, - дейді Айбақыт.   
Атқа 6 жастағы баладан егде жастағы кісі отыра алады. Тур барысында арамызда 58 жастағы Көкшетау өңірінің тұрғыны болды. Сөз арасында соңғы 10 жыл бойы атпен серуендеп тұратынын айтты. 

image-16-06-20-15-24-4.jpeg

Жасым 58-де. Талшық ауданынан (Көкшетау) келдім. Ауылда тұрған кезде әжелеріміз "есек, ат әйел кісілерге болмайды" деп жібермейтін. Кейін тұрмыс құрғаннан кейін ата-енеміз де атқа отыруға рұқсат бермеді. Балаларымыз өскеннен кейін қалаға көштік. Осылайша, 10 жылдан бері Бурабайға келіп, ат серуеніне арнайы барып тұрамын. Жасыма қарамай, атпен шапқанды жақсы көремін. Өзім атқа отырғанды ұнатқандықтан, балаларымды әкеле бастадым. Олардың келіп жүргендеріне 8 жылдай болды. Олар қаласа да, қаламаса да жылқының үстіне мінгіземін. Ата-бабаларымыз атқа отырған, сендер де қазақсыңдар, ұмытпаңдар деймін. Далаға шыққан кезде табиғаттан күш аласың. Жылқыға отырғанда да солай. Денсаулығым мықты болып тұрғанда балаларымды әкеле беремін, немерелерім өскеннен кейін оларды да атқа отырғызамын. Ата-бабаларымыздың жолын қусын, көрсін, жылқыны сезсін, кең даламыздың байлығын сезінсін деген ниетпен үйретемін, - деді Бану Ажығалиева.   

 image-16-06-20-15-24-10.jpeg

  Ал саяхатшы Лейла Рахимова Бурабайға келушілерге ат экскурсиясын таңдауға кеңес беретінін айтты. 

image-16-06-20-15-24.jpeg

Бурабайдағы ат экскурсиясына алғаш рет келуім. Қаланың сыртына арнайы көлікпен жеткізіп тастады. Жылғыға мектеп кезінде мінгенім бар еді. Кейін ол ұмытылып кеткен. Сол кездерімді еске түсіріп, біраз желідік. Жиналған адамдар топ бойынша толассыз келіп жатыр. Табиғаты әсем жерлермен атпен серуендедік. Көңілімнен шықты. Нұсқаушы да өзіңе сенім береді. Жылқылардың барлығы үйренген. Тек адамдар жүрген кезде арақашықтықты сақтаулары керек. Көпке дейін есте қалатын турлардың бірі болды. Жылқы жануары қазақ үшін ерекше ғой. Жылқыға қаланың адамдары мінсе де, бірден үйреніп кетеді деп ойлаймын. Тек қорқыныш сезіміне бой алдырмау керек. Бурабайға сапарласаңыз, міндетті түрде ат экскурсиясын таңдауға кеңес берер едім, - деді Лейла Рахимова.

Видео: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Өзгелердің жаңалығы