"Бурабай" ұлттық паркінің жартастары вандал жазулардан тазартылып жатыр

15 Мамыр 2024, 17:00
349
Бөлісу:
"Бурабай" ұлттық паркінің жартастары вандал жазулардан тазартылып жатыр
Фото: «Бурабай» МҰТП

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы вандалдардың жартастарда қалдырған жазулары мен суреттерін тазартуды бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі таңда Бурабай көлінің жағасындағы барлық жартастарда, сондай-ақ судың ортасында тұрған Жұмақтастакелушілердің «қолтаңбасы» қалған. Бояулардың көбі бірнеше қабаттан тұрады, қалыңдығы 1 см-ге дейін жетеді,өшіру қиын. Сарапшылардың пікірінше, тау-тастарды толық тазалап шығуға бір жыл уақыт кетеді.

Жартастарға жазу жазып, граффити салу зиянсыз әрекетке жатпайды, бұл нағыз вандализм. Мұндай «суретшілерді» қоғам тарапынан айыптап, жауапкершілікке тарту керек, айыппұл салу арқылы жазалаған жөн. Вандалдардың әрекеті Ұлттық парктің табиғи ландшафтының келбетін бұзады, сондай-ақ тау-тастарға орны толмас зиян келтіреді. Жартасқа бояу жағуға бірнеше секунд жеткілікті, ал тазарту үшін көптеген сағат жұмыс істеуге тура келеді! - дейді «Бурабай» МҰТП орманшысы Қайырбай Балтабаев.

10 шаршы сантиметрлік бір әріпті өшіру үшін жағылған бояудың құрамы мен қалыңдығына байланысты 30-50 минут қажет.

Ұлттық паркте адамдардың қашау немесе басқа да құралдарды қолданып жазуларды өз бетінше қолмен өшіруіне тыйым салынғанын атап өткен жөн. Себебі бұл тастың беткі қабатын жұқартып, бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ, әртүрлі бояу еріткіштер қоршаған ортаға, әсіресе көлдердің биоалуандығына теріс әсер етеді.

Жартастарды тазарту үшін Ұлттық парктің қоршаған ортаға әсері аз, құрғақ ағынды вакуумды өңдеу арқылы жартастарды тазартатын арнайы құрал сатып алуына тура келді. Бұл жұмсақ әрі экологиялық тазарту әдісінің тау жыныстарының беткі қабатына әсері аз. «Бурабай» МҰТП қолданатын технологияда жоғары қысымсыз, аз абразивті болып саналады.

Жаңа технология вакуум мен арнайы түйіршіктерді қолдануға негізделген. Тастың беті герметикалық түрде бекітілген реактивті сорғыш арқылы тазартылады. Дәл әрі жылдам бағытталатын абразив тастың бетін зақымдамайды, кір мен бояуды ғана кетіреді,-деп түсіндірді «Бурабай» МҰТП инженер-экологы Маржан Абдрахманова.

«Бурабай» МҰТП территориясын вандалдардың жазуы мен суретінен тазартум ісімен Ұлттық парктің барлық орман шаруашылықтары кезекпен айналысады.

«Экологиялық вахтаны» бірінші болып Бурабай орман шаруашылығының инспекторлары бастап отыр. Олар Бөлектау, Көкшетау, Жеке батыр тауларының ең көп ластанған, туристер жиі баратын жерлерін тазалайды.

Бурабайдың символы – Жұмақтасты тазарту кезегін қыс мезгіліне – көл бетіне мұз қататын уақытқа қалдыру туралы шешім қабылданғанын айта кетейік.

Жартастарды тазарту парк қызметкерлері үшін ерекше маңызды жұмыс болып отыр. Экологиялық бастамаға туристер де атсалысады деген үміт бар.

Біз Ұлттық парк қонақтарынан табиғат аясында демалуға жауапкершілікпен қарауды, қоршаған ортаны аялауды, жартастағы вандализмге жол бермеуді, мұндай оқиға туралы бізге хабарлауды сұраймыз. Сұлу табиғатты сақтау, оған қамқорлықпен қарау бәріміздің ортақ борышымыз. Келер ұрпаққа не қалдыратынымыз біздің қазіргі іс-әрекетімізге байланысты,- деген Қайырбай Балтабаев Ұлттық паркте еңбек ететін барлық орман инспекторларының тілегін туристерге жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы