Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларына шабақтар жіберілді

10 Мамыр 2023, 12:47
1570
Бөлісу:
Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларына шабақтар жіберілді
Фото: Азамат Темірбеков

Шығыс Қазақстанның өзен-көлдерін балықтандыру бағдарламасы аясында Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына 40 миллионнан астам шабақ жіберілді деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Ертістегі балықтың табиғи жолмен көбеюіне өзен бойында орналасқан су-электр станциялары көп кедергі келтіреді. Көктемде ағысқа қарсы жүзіп, өзеннің жоғарғы бөлігіндегі қайраңдарға уылдырық шашатын балық жасанды бөгендерді айналып өте алмайды. Оның үстіне су қоймаларындағы су деңгейінің өзгеріп отыруына байланысты оның температурасы да бірқалыпты болмайды. Бұл шашылған уылдырықтың жетілуіне кері әсер етеді.

Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларына шабақтар жіберілді

Сондықтан мемлекет осындай өзен-көлдерді балықтандырып отырады. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында жүретін бұл жұмыстар биыл да жалғасып, жасанды жолмен өсірілген балық дернәсілдері лек-легімен көк айдынға жіберілді.

Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларына шабақтар жіберілді

Ертіс бассейні – еліміздегі көлемі жағынан үшінші саналатын балық шаруашылығын жүргізетін су айдыны. Айдындағы балық қорын молайту қажеттігі күн санап артып келеді. Сондықтан облыста тор шарбақтарда тауарлы балық өсірумен қатар, «ШығысУниверсал» кәсіпорны инкубациялық цехтарда ақсақа тұқымды балықтың дернәсілдерін де өсіріп жатыр. Осылайша олар су қоймаларды балықтандыруға қажет дернәсілдермен тұтынушыларды қамтуда. Кәсіпорын биыл балық шаруашылығы комитетінің Шүлбі және Бұқтырма су қоймаларын балықтандыруға арнап өткізген конкурсын жеңіп алған.

Біз «Шығыс Универсал» кәсіпорны уылдырықтан өндірген рипус балығының қырық миллионнан астам дернәсілін Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына жібердік, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Фархат Байбазаров.

Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларына шабақтар жіберілді

Қазіргі уақытта су температурасының балық дернәсілдерін жіберуге оңтайлы жағдайда екенін алға тартқан ол жыл сайын сәуірдің соңын ала жүргізілетін шараның дер уақытында жүргізілуі маңызды екенін айтады. Өйткені бұл – суда ағыспен бірге жүзетін планктондардың оянатын уақыты. Ал мұндай шағын жәндіктер рипус балығының дернәсілі үшін таптырмайтын азық.

Дәл қазіргі кез балық дернәсілдері үшін өте қолайлы. Бұдан әрі кешіксе судағы басқа жәндіктер оянып, бүгінгі жіберген дернәсілдердің өздері азыққа айналып кетеді, – дейді «Шығыс Универсал» кәсіпорнының директоры Вячеслав Асанов.

Осылайша, еліміздің балық шаруашылығы комитетінің екінші жыл қатарынан қолға алып жатқан шарасын жүзеге асыру үшін екі топқа бөлінген инспекторлар мен балық өсірушілер Бұқтырма су қоймасының Васильев паром өткелінің маңайына 21,3 миллион, ал Шүлбі су қоймасының саяжайлар бөлігіне 20,5 миллион балық дернәсілін жіберді.

Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларына шабақтар жіберілді

Сонымен балықты көп аулау үшін оның өзен-көлдегі қорын молайту – басты мәселе. Ал мемлекеттік бағдарлама балық өсіру ісін жандандырмақ. Бүгінде бұл бағытта жақсы жетістікке жеткен Қытай мен Норвегия өз халқын балық етімен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіп отыр.

Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, бір адам жылына 14 келі балық етін тұтынуы қажет. Ал Қазақстанда бұл мөлшер бүгінде төрт келіден аспай отыр. Сол себепті, балық өсіретін шаруашылықтар санын арттыру – өте маңызды. Әр тұрғынның 14 келі балық тұтынуына қол жеткізу үшін республика көлемінде жылына 600 мың тонна балық өсіруіміз керек. Қазір ел аумағында бар-жоғы тоғыз мың тонна балық өсіріледі. Он жылдық жаңа бағдарлама бойынша 2030 жылға қарай балық өсіру лимитін 270 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осылайша, әр қазақстандықтың межелі тұтыну мөлшерінің тең жартысын қамтамасыз ететін боламыз.

Өзгелердің жаңалығы