Бұқаралық спортты дамытуда ауқымды жұмыс тұр – министр

15 Ақпан 2024, 10:53
396
Бөлісу:
Бұқаралық спортты дамытуда ауқымды жұмыс тұр – министр
Фото: Туризм жəне спорт министрлігінің ресми telegram-каналы

Елордада Туризм және спорт министрлігінің 2023-2024 жылға қойылған негізгі міндеттеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, спорт мамандары мен өңірлердегі спорт басқармасының басшылары қатысып жатыр.

Алқа мәжілісінде бірінші болып сөз алған туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спорттағы жетістіктер мен біршама мәселеге тоқталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз, бүкіл еліміз мақтан тұтатын спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз" деп айтқан болатын. Сонымен бірге спорт саласына түбегейлі өзгерістер қажет екеніне баса назар аударып, саланың стратегиялық дамуының басым бағыттарын белгілеп берді. Министрлік алдында бұқаралық спортты дамыту мен жоғары жетістіктер спортын жетілдіруде ауқымды жұмыстар тұр. Бұқаралық спорт саулығымызды нығайтуға бағытталса, үлкен жетістіктерге жетелейтін спорт – елдің оң имиджін қалыптастырады, - деді министр.

Сондай-ақ жақында жасөспірімдер арасында өткен Канвон қысқы олимпиадасындағы жетістікке тоқталды.

Канвонда Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасы өткенін білесіздер. Қазақстан құрамасы Корея жеріндегі байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, жанкүйерлерді тарихи жүлделерімен қуантты.  Жерлестеріміз бір алтын, екі күміс медаль жеңіп алды. Мұндай жеңістер үздіксіз дайындық пен қолдаудың арқасында келеді. Бұл ретте, былтыр біз саланың стратегиялық даму бағдарын айқындап, Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық, - деді Ермек Маржықпаев.

Өзгелердің жаңалығы