Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Бұл жай мәтін емес": Асхат Аймағамбетов Преамбулаға ерекше баға берді

Бүгiн, 20:45
124
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Конституция жобасында жаңа мемлекеттік ұстаным анық аңғарылатынын мәлімдеді. Бұл туралы депутат Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жиынында атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ашығын айтсақ, біз Преамбуланы – әдетте жай ғана салтанатты сөздер жиынтығы деп қабылдап келдік. Алайда жаңа Конституцияның жобасындағы мәтін – мүлде бөлек. Мағынасы да бөлек, салмағы да бөлек. Бұл – Конституцияның квинтэссенциясы, оның мызғымас рухы. Біз, бұл мәтінді оқи отырып, тек құқықтық нормаларды емес, қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтайтын жаңа мемлекеттік ұстанымды көріп отырмыз. Бұл нормалар, құрғақ сөз бен популизмге қарсы тұратын, құқықтық қақпан, құқықтық шеңбер, нағыз иммунитет болмақ, – деді ол.

Сондай-ақ депутат жаңа Конституция жобасының ең маңызды тұстарына арнайы тоқталып, нақты міндеттемелерге назар аударды.

Білім, Ғылым және инновация құндылықтарына сүйене отырып» деген жаңа әрі нақты ұстаным, нақты міндеттеме енгізіліп отыр. Бұл маңызды ұстаным қабылданғанса, біз Қаржы министрлігінің ғылым мен білімге бюджетті қысқарту туралы кез келген уәжінің жоққа шығарамыз. Бұрын, заңдар бюджетке ыңғайланса. Енді, бюджет қағидалары Ата Заңның осы принциптеріне бағынуға міндетті болады. Жай сөзбен айтқанда, енді кімде-кім мұғалім мен ғалымнан ақша үнемдеуді ұсынса – ол мемлекеттік бағдарламаға қарсы емес, тікелей Конституцияға қарсы шыққан болады, – деді депутат.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа құжатта мәдениет – Конституциялық құндылық ретінде бекітілетінін айтып, мәдени саясаттың өзегіне мән берді.

Жасыратыны жоқ, көбі мәдениетті тек қана «концерт пен театр» деп қабылдайды. Енді бұл Конституцияда мәдениет ұлт қауіпсіздігінің жүйесі ретінде, Ұлттық бірегейлігіміздің тұғыры ретінде көрсетілуде. Вандализм, мәдениетсіздік, жастардың теріс ағымдарға кетуі – бұл полицияның жұмысы емес. Бұл – мәдени саясаттың өзегі. Тәртіп санадан басталады. Ал мәдениет – сол тәртіптің, ұлттың іргетасы, – деді ол.

Депутат адам құқықтарына деген жаңа көзқарас мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ.

Әдетте құжаттарда «құқықты құрметтей отырып», «құқықты тани отырып» деп өте жұмсақ жазылатын еді. Құлағымыз да осындай жайлы әрі икемді формулировкаларға үйреніп қалды. Бірақ осы преамбулада өте нақты, керек десеңіз, әскери бұйрықтай естілетін сөз қолданылған: «МҮЛТІКСІЗ сақтау». Адам құқықтары мен бостандықтарын МҮЛТІКСІЗ сақтау деп жазылған. Бұл сөз енді ешқандай сылтауды көтермейді. «Адам мемлекет үшін» деген ескі философия осымен толығымен келмеске кетіп, «Мемлекет адам үшін» деген қағида орнауға тиіс, – деді Асхат Аймағамбетов.

Халық қалаулысы табиғатты ластаушыларға ультиматум қою мәселесіне де тоқталды.

Табиғатқа ұқыпты қарау» туралы жазған сәтте, біз «лас өндірістің» лоббистеріне соғыс жариялаймыз. Яғни, біз Ата Заңымыздың деңгейінде экологияны корпоративтік пайдадан жоғары қоямыз. Жоғарыда аталған барлық қағидаларды біріктіретін ортақ идея бар. Ол – «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаты. Әділдік болмаса — тұрақты, дамыған қоғам болмайды. Заң мен тәртіпсіз – әділдік орнамайды. Осылайша, біз жай ғана редакциялық өзгерістерді емес, заманауи талаптарға жауап беретін, құбылмалы әлемнің қауіптерін ескеретін, «біз кімбіз, қайда барамыз, қандай мемлекет құрамыз?» деген сұрақтарға жауап беретін тарихи құжатты қарап отырмыз. Қажет болса, бұл құжат – болашақ ұрпақ алдындағы чек-лист. Қандай мақсат қойдық? Қандай шешім қабылдадық? Және соның нәтижесінде неге қол жеткіздік? Біз тұлғаларға емес, институттарға сүйенетін мемлекет құруға қадам жасап отырмыз. Осындай негіз ғана ұзақмерзімді тұрақтылық береді, – деп түйіндеді депутат.

Өзгелердің жаңалығы