Бұл - науқан емес. Аймағамбетов педагогтерді даярлау туралы айтты

10 Наурыз 2022, 16:27
2067
Бөлісу:
Бұл - науқан емес. Аймағамбетов педагогтерді даярлау туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында биыл университет түлектері ұлттық біліктілік тестілеуден өтетінін айтты.

Биыл университетті бітіруші түлектер ұлттық біліктілік тестілеуден өтеді. Енді бұл нормативтік-құқықтық актілерде бекітілді. Яғни биыл педагогика бағыты бойынша университеттерді бітірушілер міндетті түрде осы тестілеуден өтуі керек. Сондықтан бұл жұмысты келесі айдан бастап жүргізуді бастаймыз, - деп айтты министр.

Аймағамбетов университет басшыларына дайындық жұмыстарын қазірден жүргізуді тапсырды.

Сөзінше, Ұлттық тестілеу орталығы да ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып жатыр. 

Осы бағыт бойынша есепті 2 аптадан кейін тағы тыңдаймыз. Қажет болса, әр сайын есеп тыңдаймыз. Өйткені бұл – өте маңызды мәселе. Жылына есепті тек бір рет қана тыңдап, нәтижесіз екеніне қарап отыруға болмайды. Бұл мәселені күнделікті бақылауымызда ұстаймыз, - дейді ол аппарат жиналысында.

Аймағамбетов 2025 жылға қарай Президент тапсырған 1 000 мектепті салып қана қоймай, ондағы кадр тапшылығын да шешу керегін айтты.

100-150 мыңға жуық педагогтер керек. Олардың білімді, білікті болуы маңызды. Сол себепті бұл мәселені қайта-қайта қараудың мәнін түсінуіміз керек. Бұл науқан емес екенін тағы да қайталап айтамын, - деп тоқталды БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов.

Осы ретте министр Асхат Аймағамбетов университеттердегі әріптестерінен педагогикалық білім беру бағытын дамытуға барлық күш-жігерді салуды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы