Бұл бағдарлама халықты балыққа қарық қыла ма?

14 Қазан 2020, 09:23
3806
Бөлісу:
Бұл бағдарлама халықты балыққа қарық қыла ма?
PHOTO
Фото: автордан

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. 1980 жылдары Жамбыл облысындағы су айдындарынан жыл сайын 5 мың тоннадан астам балық ауланған екен. 

Сол жылдары өңір тұрғындары 3,5 мың тонна балық тұтынса, қалғаны Қазақстанның басқа аймақтары мен Ресей Федерациясының нарығына шығарылып келіпті.

Ал қазіргі таңда Жамбыл облысындағы су айдындарынан бар-жоғы 1100 тоннаның шамасында ғана балық ауланады. Оның 800 тонна көлеміндегісі Балқаш көліне, 300 тоннасы өңірдегі ірілі-ұсақты су айдындарына тиесілі. Бұл, әлбетте Жамбыл облысының халқына да жетпейді. 

Сала мамандарының сөзіне қарағанда, балық шаруашылығын дамытамыз десек, ең бірінші шабақ өсіруді мықтап қолға алу қажет. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында шабақ өсіруді қолға алған шаруа қожалықтары санаулы-ақ. 

Бұл бағдарлама халықты балыққа қарық қыла ма?

Олардың өзі өңірдегі барлық су айдындарына балық жіберуге қауқарсыз. Десе де Жамбыл ауданындағы Гродикова ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығы сол қиындыққа қарамай, жанкештілікпен балық шаруашылығына жан бітіруде. Қожалықтың тәлімбақтарында 5 млн-ға дейін шабақтар өріп жүр. Бұл ұжым иелігіндегі тоғандардағы күтімге алған балықтарынан 60 млн шамасында уылдырық жинайды. Алайда тәлімбақтарының мүмкіндігі 5 млн көлемінде ғана. Әйтпесе, шаруашылықтың шабақ санын 10 млн-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Бұл межеге жету үшін тоған қылатын тағы 30-40 гектар көлемінде жер керек екен. 

Жалпы шаруа қожалығының иелігіндегі 71 гектар жер телімінде үлкенді-кішілі 18 тоған орналасыпты. Олар өңірге дереу жерсінетін балықтың бес түрін өсіреді. Енді бұл ұжым басқа аймақтардан ақ амур, карп пен ақ толстолоб, форель сынды балықтарды әкеліп, уылдырықтан көбейтуді қолға алыпты. 

Бүгінгі таңда Қазақстанның аумағындағы су айдындарын балықтандыру шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тәлімбақтан Ақмола мен Қарағанды облыстарының өзен-көлдеріне жауапты мекемелер келіп, мыңдаған шабақтарды арнайы цистерналарға салып, өздерімен әкетуде. Аталған шаруашылықтың бас балық өрбітушісі (уылдырықтан шабақ өскенше бақылайтын маман) Нұрлан Молдабеков келісім шарт негізігнде су айдындарына шабақ жөнелтіп жатқандарын айтты. 

Бұл бағдарлама халықты балыққа қарық қыла ма?

Жақында ғана Есіл өзенін балықтандыру мақсатында Ақмола өңіріне 660 мыңдай тұқы шабағын жіберген болатынбыз. Олар бүгін 354 мың шабақ әкетуге тағы келді. Бұған дейін жыл сайын уылдырықтан 5 млн шабақ өсіріп келсек, биыл бұл сан 3 млн-ға дейін кеміді. Бұған пандемиялық ахуалға байланысты карантиндік шаралардың енгізілуі кедергі болды. Өйткені шабақтарға қажетті дәрі-дәрмекті Ресейден шекараның жабылып қалуына байланысты дер кезінде ала алмадық, - дейді ол. 
Десе де қожалық қолда бар мүмкіндіктіктерімен шабақ өсіру шаруасын тежемеген. Шағын тоғандарда өріп жүрген шынашақтай шабақтар келесі жылы айналымға шығарылады. Биыл жіберіліп жатқандары бір жылдықтары. Қарақанаттанып, біршама өсіп, кез келген өзен-көлге тез бейімделіп кететіндей көлемдегі шабақтар. Бұған дейін шаруашылық Қарағанды обылысының Балқаш көліне – 355 мың, өңірдегі Байзақ ауданында орын тепкен «Қарабақыр», «Темірбек», «Сарпылдақ» және Жамбыл ауданындағы «Сеңгірбай» өзендері мен су қоймаларына 80 мың шамасында шабақ жіберіпті. Өзге су айдындарынан да тапсырыстар түсуде. 

Бұл бағдарлама халықты балыққа қарық қыла ма?

Нұрлан Молдабековтің шабақ өсіруде тәжірибесі мол. Оның бұл кәсіптің құлағын ұстағанына 40 жылға таяпты. 2008 жылға дейін көршілес өзбек жерінің Қарақалпақстан аймағында шабақ өсірумен айналысса, соңғы 13 жылдан бері осы өңірде кәсіп етіп жүр. 

Біздің қазіргі бағытымыз – шабақ өсіру. Өз тоғандарымызда балықтың бірнеше түрін өсіріп, уылдырығынан көбейту үстіндеміз. Жалпы тауарлы балық өсіру – сондай күрделі жұмыс емес. Мәслен, өз жанымыздағы Билікөлдің, статстика бойынша, 1 гектар аумағынан 50 килограмм балық аулауға болады. Ал осынша көлемдегі тоғанда балықты қолда өсіру арқылы 2 тонна өнім аласыз. Өзбекстанда қолдан жасалған тоғандардан бір жылда 70 мың тонна балық ауланады. Егер біздің өңірде 200 гектар жерге тоған салынған болса, ол жерден орта есеппен 400 тонна балықты жайымен аулауға болар еді. Бұл кәсіптің қанатын кеңге жаю үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау керек. Бірінші – қаражат, содан соң - жер, үшінші – су. Осы үшеуі болса, бәрін жасауға болады. Ондай мүмкіндігіміз болып жатса, әрине бұл шабақтары өз тоғандарымызда өсіріп, тонналап тауарлы балықты отандық нарыққа жөнелтер едік, - дейді балықшы. 

Шаруашылықта 18 адам тұрақты жұмыс істейді. Балық өсіруші Расул Бекташоглы он жылдан бері осында жұмыс істеп келеді. 

Өзіме жұмысым ұнайды. Шабақтарды өсіру – қызық. Уылдырықтан бастап бір жыл толғанша қарап, жемдеп, судың тазалығын бақылап отырамыз. Жалақымыз да жаман емес, айлығымызды уақытылы аламыз. Қазір 12 грамнан асқан бір жылдық шабақтарды балық тасымалдайтын арнайы цистерналарға салып, еліміздің су қоймаларына жөнелтудеміз, - дейді ол. 

Биыл бұл тәлімбақта облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық су айдындарының басшыларын жинап, семинар-кеңес өткізген болатын. Оның сөзінше, Жамбыл облысының географиялық орналасуы еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда балық шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Мұнда су да, мүмкіндік те көп. Тек әрбір істің көзін тауып жұмыс істей білу керек, сонда су айдындарын балыққа қайта толтырып, Жамбылдың бұрыңғы даңқын қайта қайтаруға жол ашылады. 

Өзімізде ауланған балықпен өңірді ғана емес республиканы қамтуға мүмкіндік бар. Содан кейін экспортқа шығару жағын қарастыруға болады. Бірақ бізде соңғы жылдары балық аулау төмендеп кеткен. Оған су айдындарындағы балықтандыру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмей отырғандығы себеп. Жалпы республикада балық шаруашылығын дамыту туралы арнайы бағдарлама қабылданғалы жатыр. Біз де өз тарапымыздан жоспар құрып, өңірімізде балық шаруашылығын қолға алуды жоспарлаудамыз, - деген Бердібек Машбекұлы өңірдегі балық шаруашылықтарын қолдауға әзір екендігін де аңғартқан. 

Бірақ Жамбыл облысындағы балық шаруашылықтары су айдындарын балықтандыруға асығатын емес. «Сандель» шаруа қожалығының шабағын Ақмола мен Қарағанды облысының балықшылары таласа-тармаса әкетіп жатыр. Бір айдан бері өңірдің өзен-көлдеріне бар болғаны 80 мың ғана шабақ жіберілген. Енді 290 мың шабақ жіберу жоспарлануда. 

Бұл бағдарлама халықты балыққа қарық қыла ма?

Ақмола облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы үш жылдан бері «Сандель» шаруа қожалығымен келісім шарт негізінде жұмыс істеп келеді. Ақмола облысының Есіл өзенін балықтандыру мақсатында шаруашылықтан тұқы мен сазан шабақтарын алуда. 

Былтыр бір миллион шабақ алсақ, биыл 1 миллион 14 мың шабақты алып, өзенге жіберуді бастап кеттік. Өткен жолы 660 мың шабақ алып кетіп, Есіл өзеніне қоя бердік. Жолдың алыстығына қарамастан шабақтар арнайы цистернада шығынсыз жеткізілді. Мұндағы тәлімбақтарда өсіріп жатқан шабақтың сапасы өте жақсы. Өзенге жіберген шабақтардың 25-30 пайызы жерсініп кетуде, - дейді инспекция басшысының орынбасары Нығмет Қуанышев. 

Ал Жамбыл облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекция басшысының орынбасары Болат Асамбековтің айтуынша, облыста 120 жергілікті маңызы бар су айдындарының 100-інде балық шаруашылығы жұмыс істейді. Өңірдегі өзен-көлдерде балықтандыру шарасы қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін жүргізілмек. Былтыр өңірдегі су айдындарына 1 миллион 200 мыңдай шабақ жіберілсе, биыл облыста 290 мыңдай шабақты су айдындарына жіберу жоспарланыпты. Сөйтіп шабақтарды өзге облыстарға тасымалдануынан биыл өзімізге оның үлес аз тиіп отырса керек. 

Жалпы өңірдегі көптеген шаруа қожалықтар тәлімбақтармен қатар тауарлы балық өсіруге ынталы.   

Бүгінде тәлімбақтар мен арнайы су тоғандарында тауарлы балық өсіруге ниет білдіргендерге мемлекет тарапынан қолдау бар. Қазір балық өсірушілерге қатысты арнайы бағдарлама әзірленуде. Біздің тарапымыздан да зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаруашылықтардың сұранысы бойынша табиғи ресурстар басқармасы ғылыми мекемеге тапсырыс беріп, олар облыс аумағында тауарлы балық өсіруге қолайлы жерлерді анықтады. Қазіргі кезде жиырмадан аса жер телімдері анықталып, ғылыми негіздемелер дайындалуда, - деді Болат Асамбеков.
 

Оның сөзінше, бұл жер телімдері конкурсқа қойылады екен. Жалпы биыл тауарлы балық өсірушілердің жем алуына 30 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Жаңадан қабылданатын бағдарламада тәлімбақтарды инвестициялық субсидиямен 50 пайызға дейін қамту мүмкіндігі қаралған. Жем алуға да сондай көлемде субсидия бөлінбек. Сонымен бірге тәлімбақтар мен тауарлы балық өсірушілердің барлығына жұмысын жолға қоюы үшін жеңілдетілген несие де берілетін көрінеді. Егер бағдарлама жақын арада қабылданатын болса, өңірдегі шабақ өсіретін тәлімбақтар мен тауарлы балық өсіруге ниет білдірген кәсіпкерлерді Үкімет барынша қолдауға әзір.

Өзгелердің жаңалығы