Бүгінгі таңда желдің соғу жылдамдығы айтарлықтай азайған - ғалымдар

13 Желтоқсан 2020, 01:05
2917
Бөлісу:
Бүгінгі таңда желдің соғу жылдамдығы айтарлықтай азайған - ғалымдар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласындағы желдің бағытын тыңғылықты зерттеу қажет. Соңғы жылдары ретсіз салынғын үйлердің салдарынан жел екпіні бәсеңдеп қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жайында климатолог-ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдері көптен бері айтып келеді. Бірақ іргелі зерттеу жүргізу үшін техникалық мүмкіндік жоқ.

Үлкен Алматы көлі теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте жатыр. Оның Алматыны ауыз сумен қамтудағы орны ерекше. Сондай-ақ, «Қазгидромет» мекемесінің жеті бақылау станциясының бірі осы жерде орналасқан. Ұзақ жылдан бері станциядан алынған мәліметтер табиғаттағы өзгерістерді зерттеуге мүмкіндік беріп отыр. Ғалымдардың пікірінше, қалада соғатын желдің екпіні бәсеңдеп кеткен. Бағыты да өзгере бастаған.

Алматыда желдің күші Шымбұлақта, Каменка үстірті мен Үлкен Алматы көлінде ғана зерттеледі. Бүгінгі таңда желдің соғу жылдамдығы айтарлықтай азайғанын көріп отырмыз. Тіпті оның бағыты да өзгеріп келеді. Биікте орналасқан станцияларда оңтүстіктен соғатын жел жиі байқалады. Ал қала ішінде жел көбіне солтүстіктен соғады, - дейді «Қазгидромет» РМК климатты зерттеу басқармасының басшысы Светлана Долгих.
Миллионнан астам тұрғыны бар қала ойпатты жерде тұр. Жел бұрын да күшті емес еді. Ал ойланбай салған зәулім үйлердің кесірінен одан бетер төмендеген. Мысалы, 80-ші жылдары Алматыда секундына 11-12 метр жылдамдықпен жел соғып тұрса, бүгінде секундына 0-2 метр ғана соғады. Оның өзінде, жылдың 360 күнінде тымық ауа райы тұрады екен. Жел болмаған соң, ауа да тазаланбайды.
Түтін ауаны қатты ластайды. Күн сәулесінен келетін аз мөлшердегі ультракүлгін сәулесі вирустарды өлтіре алмайды, себебі оны атмосферадағы түтін, шаң, тозаң ұстап қалады. Сондықтан біздің жерімізде вирустың тарауына қолайлы жағдай туындап отыр, - дейді биология ғылымдарының докторы, профессор Келіс Жайлыбай. 
Светлана Долгихтің айтуынша, осындан 30-40 жыл бұрын Алматыда жел мұқият зерттелетін. Құрылысшылар ғалымдардың пікірімен санасып отырған. Әсіресе, биік ғимараттарды саларда зерттеуге көп көңіл бөлінген.
Біз қазір бақылап қана отырмыз. Ал тыңғылықты зерттеу жүргізуге біздегі станциялар жетпейді. Осыдан 30-40 жыл бұрын арнайы құралдар қойылып, мұндай зерттеулер жасалды. Оған «Қазгидрометпен» бірге басқа да ұйымдар қатысты. Менің білуімше, осындай зерттеу жүргізуге арналған жол картасы бар. Оған Алматы әкімдігі жауапты, - деді Светлана Долгих.
Климатолог жобаны жандандыру үшін тағы неше метеостанция қажет екенін айта алмай отыр. Қаланың қай бөлігіне және қанша станция қою керек, оны тәжірибе көрсетеді. Бірақ бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайтыны анық. Жағдай қазір шешімін таппаса, қаланың экологиясын жақсарту қиынға соғады. 
Өзгелердің жаңалығы