Бүгінде Астанада 7 мың тоннадан астам көкөніс қоры бар - басқарма

12 Сәуір 2023, 11:37
1217
Бөлісу:
Бүгінде Астанада 7 мың тоннадан астам көкөніс қоры бар - басқарма
Фото: Егемен Қазақстан

Бұл туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін жүзеге асыру кезінде жаңа тәсілдер қолданылған.

Жаңа тәсілдердің міндетінің бірі – фермерлерді маусымдық кезеңде белгіленген бағада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатуды қаржыландыру. Жаңа тәсілдер аясында күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, ұн, макарон өнімі, нан сияқты отандық өнім өндірушілерді қаржыландыру көзделген. Қазіргі уақытта отандық тауар өндірушілерді қаржыландыру өтінімдерін қарау бойынша өңірлік қағидаларға тиісті өзгерістер енгізілуде, - деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.

Сонымен қатар ол белгіленген бағадан аспау өзара міндетімен отандық ет және сүт өнімдерін қаржыландыру қарастырылғанын айтты.

Күзде көкөністерді келісімшарттау мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін жүзеге асырудың үлгілік қағидаларына отандық тауар өндірушілерді форвардтық қаржыландыруды көздейтін өзгерістер енгізілді. Қала әкімдігі аталған тетіктерді белсенді түрде жүзеге асыруда. Мәселен, бағаның күрт өсуіне жол бермеу мақсатында биыл ақпан-сәуір айларында жалпы көлемі 8 мың тонна көкөніске интервенция өткізілді. Нәтижесінде бағалар статистика деректеріне сәйкес 5-10 пайызға төмендеді. Бүгінгі таңда елордада қолданыстағы келісімдер бойынша 7 мың тоннадан астам көкөніс қоры бар. Олар қала халқының ай сайынғы қажеттілігін қамтамасыз етеді, - деді Мақсат Жаңабаев.

Өзгелердің жаңалығы