11 тамызда Алматы, Ақтөбе және Өскемен қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) болжанып отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – желдің болмауы немесе әлсіз соғуы, тұман, температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді факторлардың үйлесуі. Мұндай кезде зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, елді мекендердегі ауа сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Синоптиктердің айтуынша, ауадағы ластану деңгейіне жел, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температура сияқты факторлар әсер етеді.
ҚМЖ кезінде мамандар:
- ашық ауада, әсіресе көлік жолдары мен басқа да ластану көздеріне жақын жерде болу уақытын қысқартуды;
- балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ уақыт серуендеуден бас тартуды;
- өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық созылмалы аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруді;
- ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеуді ұсынады.
Спортпен және дене шынықтырумен айналысатындарға жаттығуды жабық спорт кешендерінде өткізуге кеңес берілді.