Жыл сайын 29 шілде бүкіл әлемде Халықаралық жолбарыстар күні ретінде аталып өтіледі. Осы ретте жолбарыстар жайлы қызықты деректер мен мәліметтерді Алматы хайуанаттар бағының жыртқыш аңдар бөлімінің маманы Ерасыл Сағындық айтып берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев Facebook парақшасында елімізге алғашқы жолбарыстар 2025 жылы әкелінетінін айтқан еді.
- Хайуанаттар бағындағы жолбарыстар жайлы тоқтала кетсеңіз.
- Алматы хайуанаттар бағында 9 жолбарыс бар. Олардың барлығы әлемнің әртүрлі елдеріндегі хайуанаттар бағынан әкелінген. Жолбарыстардың бір бөлігі Ресейдің Новосибирск, Мәскеу хайуанаттар бағынан. Енді бір бөлігі Әзірбайжаннан келген. Жалпы, біз барлық хайуанаттар бағымен достық қарым-қатынастамыз. Бізде жоқ аңдарды сол жақтан алдырамыз, ал біздегі аңдарды басқаларына жібереміз. Жолбарыстардың ішіндегі ең үлкені Урман, қалғандары 3-4 жастағылар. Хайуанаттар бағында жолбарыстар әр аумақта орналасқан, жағдай жақсы жасалған деп айта аламыз. Аңдардың әрқайсысының өзіндік мінездері бар.
- Жолбарыстар күніне қанша келі ет жейді? Тамақтандыру кезінде қорқыныш болмайды ма?
- Жолбарыстарға ет жасына байланысты беріледі. Мәселен, жасы үлкен Урманға күніне 10-12 келі ет береміз. Ал қалған Шерхан, Мая, Ая есімді жолбарыстарымыз күніне 7 келі ет жейді. Еттен бөлек, арасында балық береміз. Олардын рационына сиыр еті, тауық еті, қоян еті, кейде балық та кіреді. Тамақ мөлшері жануардың салмағына, жасына және жынысына байланысты болады. Аптасына бір күн ет өнімінен тыс тамақ беріледі, өйткені табиғатта
жыртқыштар күн сайын етпен тамақтанбайды. Жолбарыстарға бала кезінен тамақ бергендіктен, мені танып, өз мінездерін көрсетпейді. Алайда жыртқыш аң болғандықтан, тамақ берген сәтте алдында көп тұруға болмайды. Себебі олар тамағын қызғанады. Қызғаныштан өзінің тамағын алып қояды деген үреймен шабуыл жасауы мүмкін.
- Жолбарыстар қанша жасқа дейін өмір сүреді?
- Жолбарыстар табиғатынан 20-22 жасқа дейінгі аралықта өмір сүреді. Хайуанаттар бағында күтім көргендіктен, одан да ұзақ өмір сүре алады. Бір қызығы, еркегі 5 жасында ал ұрғашысы 3 жасында күйлейді. Күшіктегенде екі күшігі болады. Жабайы табиғатта олар жалғыз жүргенді жақсы көреді. Күйлеген сәтте өз жұбын тауып алады. Басқа аңдар секілді өз табыны болмайды. Өздері тамақты бірден тауып жей алмайды, 3-4 күн ашығып жүре беруі мүмкін.
- Хайуанаттар бағында жолбарыстарды алып келгенде табиғатқа үйренісе алмаған кездері болды ма?
- Оларды бізге кішкентай күшік кезінде алып келгендіктен, табиғатқа тез үйренісіп кетті. Үлкен аңдарға қарағанда, жас аңдар табиғат пен ортаға тез бейімделеді. Оның үстіне, біздің табиғат тым ыстық емес. Жалпы, жолбарыстар жабайы табиғатта батпақты, нулы орманды жерде өмір сүреді. Хайуанттар бағына келгенде, жолбарыстарды көргісі келетіндер күн ысымай тұрып келуі керек. Сол кезде оларды көруге мүмкіндік бар. Ал күн шығып, ыстық болғанда, олар да ыстықтан шаршап жатып қалады.
- Аңдарға есімді қалай қоясыздар? Тұрғындар да есім қоя ала ма?
- Алматы хайуанаттар бағынының әлеуметтік желісінде төл дүниеге келген бетте “Қандай есім қояр едің?” деген жазба жарияланады. Қала тұрғындары мен қонақтар сол жазбаның астына өздері қалаған есімдерді ұсынады. Біз өзімізге ұнаған, жануарға сай келетін есімді таңдап аламыз. Жануарларға ат қою рәсімі осылай өтеді. Негізі жануарлар басқа хайуанаттар бағынан әкелінгенде өз есімдері болады.
- Әңгімеңізге рахмет!