Бүгін - Халықаралық театр күні

27 Наурыз 2023, 15:36
1305
Бөлісу:
Бүгін - Халықаралық театр күні
Фото: qazaqstan.tv

1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықаралық театр күні» деп бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Жыл сайын көктем мезгілінің алғашқы айында бұл мерекені Халықаралық Театр институты мен дүниежүзіндегі театр қауымдастықтары атап өтеді. 

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақ театрының тарихы Абай облысымен тығыз байланысты. 1917 жылы Семей өңіріндегі «Ойқұдық» жайлауында жазушы, драматург - Мұхтар Әуезовтің «Еңлік - Кебек» пьесасымен қазақ театр өнерінің тұсауы кесілді. 

1920 жылдары құрамына әйгілі Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Қалибек Байжанов, Жүсіпбек Елебеков және Манарбек Ержанов сынды майталман өнер иелерін топтастырған “Ес-Аймақ” драмалық труппасы құрылған. 

Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов труппа жұмысына белсене араласып, режиссерлік тұжырымдамалар мен сахналық шешімдерді қадағалап отырған. 

Театр 1934 жылы ресми түрде бекітіліп, Ілияс Жансүгіровтың “Кек” пьесасымен шымылдығын ашты. 

Кейіннен, 1945 жылы 15 тамызда өнер мекемесіне Абайдың есімі беріледі. 

Алғашқы көрермендерін қарсы алған сәттен театр 400-ден астам спектакль қойып6 жалпы саны 90 миллионға тарта көрермендерді қамтыды. 

Театр сахнасында алыс-жақын шетел классиктерімен қатар, әлемдік драматургия дәрежесіндегі Мұхтар Әуезовтың, Ғабит Мүсіреповтың, Бейімбет Майлиннің, Ғабиден Мұстафиннің, Расул Ғамзатовтың, Шыңғыс Айтматовтың шығармалары сахналанды. Ал “Еңлік - Кебек”, “Қаракөз”, “Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу”, “Айман - Шолпан”, “Бөлтірік бөрік астында” пьесалары театр репертуарының алтын қорына айналды. 

Бүгінгі күні Семей қаласындағы өнер ордасында Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Достоевский атындағы орыс драмалық театры мен «Дариға-ай» жастар театры бірлесе өнер көрсетіп келеді. 

Абай облысында 101 өнер майталманы сахнада еңбек етуде. 

Барлық театр қайраткерлері мен өнер сүйер қауымды бүгінгі мерекемен құттықтаймыз!

Өзгелердің жаңалығы