Бүгін - Халықаралық азаматтық авиация күні

7 Желтоқсан 2023, 09:50
445
Бөлісу:
Бүгін - Халықаралық азаматтық авиация күні
Фото: Азаматтық авиация комитеті

Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев Халықаралық азаматтық авиация күнімен құттықтап, жыл басынан еліміздің авиация саласында орын алған жақсы көрсеткіштерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Марат Қарабаев отандық әуежайлардағы жолаушылар ағыны 25 млн-нан асатынын атап өтті.

Құрметті әріптестер! Халықаралық азаматтық авиация күні құтты болсын! Елдегі авиацияның өркендеуі мен дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан азаматтық авиация саласы қызметкерлерінің құрметіне орай бекітілген бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының шешімімен аталып өтуде. Кәсіби мереке халықаралық азаматтық авиация жөніндегі Конвенцияның қол қойылғанына 50 жыл толуына орай 1994 жылғы 7 желтоқсаннан бастап мерекелене бастады. Аталған конвенцияға сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы мекемесі Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) құрылған болатын. Жыл басынан еліміздің авиация саласында орын алған жақсы көрсеткіштер жетерлік. Соның бірқатарына тоқталып өтсем. Жылдың қорытындысы бойынша отандық әуежайлардағы жолаушылар ағыны 25 млн-нан астам жолаушы болады деп күтілуде, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 22 пайызға артық. Ішкі тасымалдау көлемі толығымен қалпына келтіріліп, аптасына 50 бағыт бойынша 640 рейсті құрайды, - деді Қарабаев.

Оның сөзінше, жалпы жыл көлемінде отандық әуе паркі 9 бірлік ұшақпен толықтырылды. 

Әлеуметтік маңызы бар бағыттардың көліктік қолжетімділігін арттыру мақсатында 7 облыстағы 23 ішкі әуе маршруты субсидияланады. Бүгінгі таңда Қазақстан 28 елмен халықаралық әуе қатынасын орнатқан. Оның ішінде, биыл 13 елге аптасына 57 рейс жиілігімен 23 бағыт бойынша жаңа рейстер ашылып, қайта іске қосылды. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қол жеткізілген деңгейін одан әрі жетілдіру және өңірлік ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыстар жалғасуда. Әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде еліміз бойынша 4 нысанда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жеке инвестициялар есебінен Алматы, Шымкент және Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Қостанай әуежайында аэровокзалды телескопиялық трап құрылғысымен қамту сынды қайта жаңарту жұмыстары мәресіне жетуге дайын. Жоғарыда көрсетілген инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолаушылар тасымалының өткізу қабілетін арттыра түсетіні анық, - деді министр.

Қарабаев атап өткендей, әлемдік тәжірибе негізінде еліміздің 6 әуежайында (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе және Қарағанды) арнайы экономикалық аймақтар режимін енгізу ұсынылады. 

Бұдан басқа, Jet A-1 авиациялық отын стандарттарына көшу бойынша инфрақұрылымды дайындау мәселесі пысықталуда. Жалпы жыл көлемінде атқарылған нәтижелі жұмыс көлемі аз емес. Осы атаулы күні саланың барлық қызметкерін құттықтай отырып, салаға қосқан үлестері үшін алғыс айтамын. Авиация өте күрделі сала, сонысымен де қызық. Аталған салада кәсібилігі мен жауапкершілігі жоғары мамандар еңбек етеді. Азаматтық авиация саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, кәсіби жетістіктер тілеймін!, - деп құттықтауын жолдады көлік министрі. 

Өзгелердің жаңалығы