Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін – Тәуелсіздігіміздің басты нышандарының бірі, мемлекет құрлымындағы ең басты құжат Ата заңымыздың бекітілген күні.
Мемлекеттік құрылымның заңдық негізі болатын қолданыстағы Ата Заңның қабылданғанына биыл 24 жыл толады.
Қазақстанның дербес ел ретіндегі алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған. Бірақ, ол құжаттың көптеген тұсы кеңестік демократия қағидаларына негізделгендіктен, 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституция жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданған болатын.
Жаңа Конституция бойынша Қазақстан Республикасының президенттік басқару жүйесіндегі мемлекет екені айқындалды.
Еліміздің Конституциясы тоғыз бөлімнен, 98 баптан тұрады.
Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады.
Ата Заңның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екені айтылады. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін білдіреді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар. Мұның мәні – мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен нормативтік актілер Конституцияға қайшы келмеуі керектігін көрсетеді. Мемлекеттік органның қандайы болса да – жергілікті органдар да, орталық органдар да, кез келген лауазымды тұлға, барлық азаматтар, олардың бірлестіктері Конституция қағидаларын сақтауы керек.
Бүгінге дейінгі 24 жылда Қазақстан Республикасының Ата заңына үш рет толықтырулар мен түзетулер еңгізілді. Соңғы түзетулер 2017 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Конституциялық реформа ретінде жүзеге асты.