Бүгін еліміздің алты қаласында ауа сапасы нашарлайды

Мамандар тұрғындарға ашық ауада ұзақ уақыт болмауға және қарқынды дене жүктемесін шектеуге кеңес береді.

27 Шілде 2026, 08:54
АВТОР
 BAQ.KZ архиві 27 Шілде 2026, 08:54
27 Шілде 2026, 08:54
142
Фото: BAQ.KZ архиві

«Қазгидромет» РМК бүгінге, 27 шілдеге арналған ауа сапасы болжамын жариялап, еліміздің алты қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтілетінін ескертті.

Синоптиктердің мәліметінше, Ақтөбе, Алматы, сондай-ақ Астана, Теміртау, Қарағанды және Қостанай қалаларында атмосфералық ауаның ластануына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанады. Астанада, Теміртауда, Қарағандыда және Қостанайда бұл құбылыс түнгі уақытта күтіледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлардың әсерінен атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың шоғырлануы. Мұндай кезде елді мекендердегі ауа сапасы уақытша нашарлауы мүмкін.

Мамандар тұрғындарға, әсіресе балаларға, қарттарға және тыныс алу жүйесі мен жүрек-қан тамырлары аурулары бар азаматтарға ашық ауада ұзақ уақыт болмауға және қарқынды дене жүктемесін шектеуге кеңес береді.

Наверх