Бүгін, 23 қыркүйекте Қазақстанның 14 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Күндіз Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе және Алматы қалаларында, ал түнде Қостанай, Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Өскемен, Семей, Риддер, Атырау және Астанада қолайсыз метеожағдайлар болжанып отыр.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде атмосфераның төменгі қабатында ластаушы заттар жиналып, ауа сапасы нашарлауы мүмкін. Бұған әлсіз жел, тұман, инверсия және басқа да қысқа мерзімді ауа райы факторлары әсер етеді.
Мамандар мұндай кезде ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе көлік жолдары мен басқа да ластану көздеріне жақын жерде ұзақ жүрмеуді ұсынады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартқан жөн.
Созылмалы тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары, сондай-ақ аллергиясы бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады. Ашық ауадағы дене жаттығуларын шектеп, спортпен жабық нысандарда айналысқан дұрыс.