Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан отыз жыл бұрын ол кездегі әлі Қазақ ССР-інің Президенті жарлығымен Қазақстанның алғашқы антимонополиялық органы құрылған болатын. Бүгін осы мерейлі датаға орай Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ұқсас органдары басшыларының қатысуымен онлайн дөңгелек үстел өткізді.
Агенттік төрғасы Серік Жұманғарин еліміздегі антимонополиялық қызметтің құрылу тарихымен таныстырды.
Бұл мерейлі датамен қатар биыл алғаш рет Үкімет бекіткен «Антимонополиялық орган қызметкерлерінің күнін» атап өтеміз. Сондықтан әріптестеріміздің барлығын кәсіби мерекемізбен құттықтаймын, - деді ол.
Оның айтуынша, бәсекелестікті қорғау Қазақстан экономикасын дамытудың маңызды бөлігі.
Бәсекелестік саясаты экономикалық дамудың басым бағыты және мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қазақстанда антимонополиялық қызметтің қалыптасуы бәсекелестік саласын реттеуді жүзеге асыратын нормативтік-құқықтық базаның дамуымен тығыз байланысты. Орган құрылған 1991 жылы, ол кездегі Қазақ ССР кезінде «Бәсекелістікті дамыту мен монополиялық қызметті шектеу» туралы алғашқы заң қабылданды. Сол уақыттан бері Қазақстан нормативтік құқықтық базаның үлкен трансформациясынан өтті, - деді ол.
Ол сонымен қатар елімізде бәсекелестік саласындағы заңдар ұзақ жылдар бойы қорғау механизмін іске асырып келгенін атап өтті.
Ол өз кезегінде тек салдармен күресуге бағытталып, бәсекелестікті дамыту екінші кезекке шегеріле берді. Нәтижесінде, антимонополиялық талдау көрсеткендей, экономиканың базалық деңгейінде нарықтық билік пен монополизация шекті деңгейіне жетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің өткен жылғы Жолдауында да айтқан болатын. Ол нарықтық салалардың көбі нарықтық қатынастарға сай жұмыс істемейтінін, кәсіпкерлерге нарыққа еркін ене алмайтынын, енген күннің өзінде монополияға тап болатынын айтқан еді, - деді ол.
Оның айтуынша, осыған орай Мемлекет басшысы, Қазақстанның жаңа экономикалық бағыты сау бәсекелестікке негізделуі тиіс деп, жаңа міндеттер қойды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және елдегі сау конкуренцияның тиімділігін реттеу мақсатында өткен жылдың қыркүйек айында антимонополиялық органның статусы беріліп, тікелей Мемелекет басшысына бағынатын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі деген атау берілді, - деді ол.