Бүгін, 27 шілдеде Қазақстанның 16 өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. «Қазгидромет» мәліметінше, елдің бірқатар аймағында найзағай, бұршақ, қатты жел, шаңды дауыл және аптап ыстық болжанып отыр.
Қызылорда мен Түркістан облыстарында ауа температурасы 40–42 градусқа дейін көтерілсе, Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарында 35–37 градус ыстық күтіледі.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарында шаңды дауыл соғуы мүмкін. Атырау, Қарағанды, Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен екпінді жел болжанған.
Сонымен қатар Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Абай, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Мамандар тұрғындарға ауа райы болжамын ескеріп, аптап ыстық пен қатты жел кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.