7 қарашада Алматы мен Талдықорған қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Мұндай кезде зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл туралы BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар желсіздік, баяу жел, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді табиғи факторлардың әсерінен қалыптасады. Соның салдарынан ауаны ластайтын заттардың таралуы қиындап, олардың мөлшері артуы мүмкін.
Ауа сапасының нашарлауы тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі ықтимал.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға бірқатар сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
- Ашық ауада болу уақытын қысқарту, әсіресе автожолдар мен ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеу;
- Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту;
- Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға далаға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру;
- Ашық ауадағы дене жүктемесін шектеу;
- Спортпен және дене шынықтырумен жабық спорт кешендерінде айналысу.
Мамандар ауа сапасына желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа температурасы және ылғалдылық сияқты факторлар әсер ететінін атап өтті.