Бүгін Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні

2 Сәуір 2022, 14:33
2224
Бөлісу:
Бүгін  Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2003 жылы елімізде аутизм спектрі бұзылған (АСБ) 77 бала тіркелсе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 9 мыңға жетті. Сондай-ақ статистика қазір азаматтардың аутизм туралы көбірек ақпарат білетінін, диагностика мен тіркеу жүргізіліп жатқанын, одан бөлек, соған сәйкес көмектің ұйымдастырылып, белгілі бір инфрақұрылым жасалып жатқаны туралы көрсететінін түсіну маңызды.Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. 

Егер балалардағы бұзылыстардың басқа түрлері (нашар еститін, нашар көретін және т.б.) үшін инфрақұрылым, әдістемелер, стандарттар, бағдарламалар, мамандар мен арнайы ұйымдар бұрыннан болса, аутизммен ауыратын балалармен жұмыс істеуде жағдай басқаша екенін атап өткен жөн.

Біз ерекше балаларға жағдай жасау үшін үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс істейміз.

«Асыл Мирас», «Дара», «Болашақ» қорлары, «AUTISM KAZAKHSTAN» Ұлттық қауымдастығы және басқа да ұйымдарға атқарған ауқымды жұмыстары үшін алғыс айтамын. Олар инклюзивті қолдау кабинеттерін, балаларға арналған ресурстық орталықтарды ашып, педагогтердің біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, сондай-ақ университеттермен ынтымақтастық орнатып, заңнамаға өзгерістер енгізуге бастамашылық жасап келеді.Кеше конференция өткіздік. Оған үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілі, ата-аналар қауымы, педагогтер, ғалымдар мен оқытушылар, ЖОО ректорлары, сондай-ақ кафедралар мен оқу бөлімдерінің және оқу-әдістемелік кабинеттерінің 400-ден астам өкілі қатысты, - деді министр.

Оны қорытындылай келе, бірнеше маңызды мәселені атап өткім келеді.

1. АСБ мәселелері бойынша арнайы Республикалық үйлестіру кеңесі құрылады. Үкімет мүшесі ретінде оны өзім басқаруды жөн көрдім. Сондай-ақ кеңес құрамына ҮЕҰ өкілдерін, салалық мемлекеттік органдардың вице-министрлерін, әкім орынбасарларын және басқа да әріптестерімізді қосамыз. Маңызды мәселе - осы бағыттағы барлық жұмысты үйлестіру.

2. АСБ мәселелері бойынша арнайы Жол картасы бекітіледі. Құжатта проблемалық аймақтарды анықтап, қысқа, орта және ұзақ мерзімді перспективадағы міндеттерді айқындаймыз.

3. Ғылыми зерттеулер жүргізу маңызды. Сол себепті БҒМ аутизм спектрінің бұзылуын зерттеу жөніндегі арнайы ғылыми бағдарламаға қаржы бөлу бойынша жұмыс жүргізеді.

4. Бүгінгі таңда 19 ЖОО арнайы педагогтерді даярлайды. Бұл университеттің барлығына түзету кабинеттері форматында ресурстық орталықтар ашу тапсырылды. Бұл орталықтар мамандар даярлау жөніндегі клиникалық база ретінде әрекет етеді.

Бұл бағыттағы жұмыс Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жақсы жолға қойылған. Университетте «Дара» қорының қолдауымен ресурстық орталық ашылды.

5. Биыл біз ЖОО-ларға бағдарламаларды, әдістемелерді дайындау және студенттерді оқыту үшін аутизмі бар балалармен жұмыс істеуге маманданған шетелдік профессорларды тарту үшін қаржы бөлдік.

6. Осы жылы Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, ҚарМУ осы дертке шалдыққан балалармен жұмыс істеп жүргендер үшін аралас онлайн/офлайн форматында арнайы магистрлік бағдарламалар әзірлеп жатыр.

7. ППТК (психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті), ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес), ресурстық орталықтар, арнайы инклюзия кабинеттерінің қызметкерлеріне мақсатты гранттар бөлуді бастадық. Сондай-ақ оларға бейіндік магистратураға түсу үшін жағдай жасауға дайынбыз.

8. Біз үлгілік штаттарға педагог-ассистенттерді енгіздік. Қазірдің өзінде мектептерде 1 000-нан астам педагог-ассистент жұмыс істейді. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мектепке бейімделуге және оқуға көмектеседі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

9. Түзету көмегіне мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруды бастаймыз. Яғни, осы дертке шалдыққан балалармен сапалы түзету жұмыстарын жүргізуге дайын ұйымдар бюджеттен тиісті қаржы алады. Бұл балаларымызды осындай арнайы қолдаумен қамтуды күрт арттыруға мүмкіндік береді.

10. Ата-аналарға, мамандарға барлық қажетті ақпарат пен арнайы ұйымның деректер базасы, сондай-ақ ППТК, ПМПК және ресурстық орталықтар туралы ақпарат барлығына қолжетімді болуы үшін бірыңғай портал құрылады.

 

Өзгелердің жаңалығы