Бүгін азаматтар өздері қалаған емханаға тіркелу науқаны басталады

15 Қыркүйек 2023, 16:34
777
Бөлісу:
Бүгін азаматтар өздері қалаған емханаға тіркелу науқаны басталады
Фото: Арман Мухатов - архив

Жыл сайын өтетін науқан 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін созылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Атап айтар болсақ, 710 мемлекеттік және 1225 жекеменшік клиниканы таңдауға мүмкіндік бар. Емханасын ауыстырғысы келіп жүрген азаматтар тіркеу науқаны кезінде бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Биыл қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар бар? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ең өзекті сұрақтарға жауап берді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 15 минуттық жерде орналасқан емханаға тіркелуді ұсынады. Бұл ең алдымен пациент үшін әрі дәрігерді үйге шақырған кезде тез келуіне ыңғайлы. Мұны, әсіресе кішкентай балалары бар отбасылар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар, дәрілік терапияда немесе клиникаға жиі баруға мәжбүр пациенттер ескеру керек.

Бұл ретте таңдаған медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан болуы тиіс. Мекемелердің тізімін Қордың fms.kz сайтында «Клиниканы таңдау» бөлімінен көруге болады.

Айта кетерлігі, пациент жаңадан тіркелген емханасында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды, яғни 31 желтоқсанға дейін бұрынғы емханасының қызметін пайдаланады. Ал емханаға тіркеу науқанына қатыспаған азаматтар бұрын өзі қаралған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымда тіркелген күйі қала береді.

Өзгелердің жаңалығы