Жиында сайлау науқаны кезінде өңірлерде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, партия бағдарламасының негізгі бағыттары сөз болды.
Форумға «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, партияның жастар қанатының өкілдері, қоғам белсенділері мен елорда тұрғындары қатысты.
Жиында партияның соңғы бір айдағы өңірлік жұмысының нәтижелері таныстырылды. Осы кезеңде «Ауыл» өкілдері еліміздің барлық 20 өңірін аралап, жалпы саны 4 000-ға жуық іс-шара өткізіп, ауыл тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен, фермерлермен, кәсіпкерлермен, жастармен және сарапшылармен кездесулер ұйымдастырған.
Сапар барысында тұрғындарды жұмыспен қамту, отбасы табысын арттыру, жергілікті өндіріс пен қайта өңдеу ісін дамыту, жол, су, энергетикалық инфрақұрылым, интернет, білім мен медицинаға қолжетімділік секілді күнделікті өмірге тікелей қатысты мәселелер көтерілді.
Форумда сөз алған Қайрат Айтуғанов партияның өңірлер мен ауылды дамытуға қатысты көзқарасына тоқталды. Оның айтуынша, ауылдың дамуы — жұмыс орны, кәсіпкерлік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым, жаңа технология, жастарға жол ашу секілді өзара сабақтас бағыттардың жиынтығы.
Форум аясында Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жигули Дайрабаев, Шахмардан Байманов, Рабига Токсейтова, Дәурен Рахымбек т.б сөз сөйледі.
Олар ауылдағы отбасыларды қолдау, еңбек адамының беделін арттыру, өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту, білікті кадр даярлау және жастардың туған жерінде білім алып, еңбек етіп, кәсіби жолын жалғастыруына жағдай жасау мәселелерін көтерді.
Форумда өңірлердегі кездесулерде тұрғындар айтқан ұсыныстар мен мәселелер партияның сайлауалды күн тәртібін қалыптастыруда ескерілгені атап өтілді. Бағдарламада өңір экономикасын күшейту, халықты жұмыспен қамту мен табысын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту және қала мен ауыл тұрғындары үшін тең мүмкіндік қалыптастыруға басымдық берілген.
Ресми бөлім аяқталған соң әнші әрі автор QANAY мен ABYROY тобы өнер көрсетіп, концерттік бағдарлама өтті. Кеш соңында қатысушылар «Атамекен» әнін бірге орындады.