Биыл күзде елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлі сайлау кандидаттары белгісіз. Сол себепті бұған дейін Президент сайлауының қалай өткенін, кандитат ретінде кімдердің ұсынылғанына шолу жасадық.
Елімізде жалпыхалықтық президент сайлауы 5 рет өтті. 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы, оның басым бөлігі кезектен тыс болды.
1991
1 желтоқсанда елде тұңғыш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Президенттіке үміткер Нұрсұлтан Назарбаев 98,78 пайыз дауыс жинады. Сайлауға республика азаматтарының 88,2 пайызы қатысып, өз таңдауларын жасаған.
1999
10 қаңтарда елімізде екінші жалпыхалықтық кезектен тыс президент сайлауы болды.
Президентікке тәуелсіз үміткер Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан коммунистік партиясының өкілі Серікболсын Әбділдин, тәуелсіз үміткер Ғани Қасымов және Қазақстанның халық бірлігі партиясынан Энгельс Ғаббасов таласты.
Екінші кезектен тыс сайлау 1999 жылдың 10 қаңтарында өтті. Оған тәуелсіз үміткер Нұрсұлтан Назарабаев коммунистер көшбасшысы Серікболсын Әбділдин, жазушы әрі қоғам қайраткері Энгельс Ғаббасов қатысты.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, сайлауға ел азаматтарының 87,05 пайызы қатысқан.
Сайлау нәтижесінде: Энгельс Ғаббасов - 0,8 пайыз, Ғани Қасымов - 4,6 пайыз, Серікболсын Әбділдин - 11,7 пайыз дауыс берілген. 79,8 пайы ең көп дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті.
2005
Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 91,15 пайыз дауысын жинады.
Үміткерлер қатары:
«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының көшбасшысы - Жармахан Тұяқбай. Сол жылы 6,64 пайыз дауыс жинады. Еліміздің бас прокуроры, мемлекеттік тергеу комитетінің төрағасы, екінші шақырылымдағы парламент мәжілісінің төрағасы қызметтерін атқарған.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы - Әлихан Байменов. 2005 жылғы сайлауда 1,61 пайыз дауыс жинады. Ол 1998-99 жылдары президент әкімшілігінің жетекшісі, 2000-2001 жылдары еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болды. 2001 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдау» ұйымына мүше болып кірді. 2002 жылдың наурызынан бастап «Ақ жол» партиясының тең төрағасы, 2005 жылдан бастап төрағасы болды.
Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов және «Табиғат» экологиялық ұйымының көшбасшысы Мэлс Елеусізов. 2005 және 2011 жылы өткен президент сайлауына қатысып, біріншісінде 0,28 пайыз, екіншісінде 1,15 пайыз дауыс жинады.
2011
3 сәуірде кезектен тыс сайлауда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев президент болып қайта сайланды. Ол 95,55 пайыз дауыс жинады. Екінші орынға Ғани Қасымов жайғасты (1,94 пайыз). Дауыс беруге 89,99 пайыз сайлаушы қатысқан.
2015
Президент сайлауына 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында бастама көтерілді. Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 25 ақпан күні ел өміріндегі аса маңызды шешімді қабылдау тұрғысында халыққа үндеу жариялады.
2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 97,75 пайыз дауыс жинады. Үміткер болған коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов 1,61 пайыз, кәсіподақтар федерациясының төрағасы, өзін-өзі ұсынушы Әбілғазы Құсайынов 0,64 пайыз жинады.
2019
19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті ретінде өкілеттігін тоқтатты.
2019 жылы 9 маусымда ел тарихында алтыншы рет өтіп жатқан Президент сайлауына жеті кандидат түсті. Олар:
«Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
«Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан кандидат болған Әміржан Қосанов;
«Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел;
Қазақстан Коммунистік Халық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жамбыл Ахметбеков
«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан ұсынылған Дания Еспаева;
«Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Аманкелді Таспихов
Exit poll нәтижесі келесідей: Жамбыл Ахметбековке – 3,86 пайыз, Дания Еспаеваға – 5,32 пайыз, Әміржан Қосановқа – 15,39 пайыз, Төлеутай Рақымбековке – 3,03 пайыз, Амангелді Таспиховқа – 1,41 пайыз, Қасым-Жомарт Тоқаевқа – 70,13 пайыз, Сәді-Бек Түгелге 0,86 пайыз дауыс берілді.
Еске сала кетейік, бүгін Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды.