Бұдан былай елде субсидияны тек су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеді.
Айтуынша, көкөністердің жалпы өнімін арттырудың негізгі факторларының бірі – суармалы жерлерді айналымға енгізу. Министр бұл жұмысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп жүргізетіндерін айтты.
Бүгінгі таңда су үнемдеу технологиялары енгізілген аудандар көбеюде. Бұл өз кезегінде су мен қоректік заттарды нақты беру арқылы өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Жыл сайынғы өсімге инвестициялық субсидиялау ықпал етеді. Оның аясында фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру үшін барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі. 2022 жылы су үнемдеу технологиялары қолданылатын жерлер 21 мың гектарға ұлғайтылды. Нақты орындалуы 105%-ды құрады. Ағымдағы жылы мұндай жерлердің аумағын 300 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр, - деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ ол 2030 жылға қарай алаңдар 750 мың гектарға дейін жеткізілетіндігін алға тартты.
Айта кету керек, суармалы судың жетіспеушілігі проблемалы мәселе болып отыр. Сонымен қатар суды ысырап етуге жол берілмеу керек. Фермер үшін шешім – су үнемдейтін технологияларды енгізу болуы керек. Егер мұндай технологияларды енгізетін фермер үшін «оң шешім» инвестициялық субсидиялаудың жоғарылауы болса, онда «теріс шешім» суға жұмсалатын шығындар артады. Мысалы, қазіргі уақытта су беру қызметтерін өтеу бойынша субсидияны суару әдістеріне қарай саралау бойынша жұмыс жүргізілуде. Яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде тек су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады, - деді ведомство басшысы.