ҰБТ. Биыл тестілеуге неше түлек қатысады?

11 Маусым 2020, 17:20
1496
Бөлісу:
ҰБТ. Биыл тестілеуге неше түлек қатысады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры ЖОО түсушілерге арналған онлайн брифинг барысында ҰБТ тапсыруға қанша өтініш тапсырылғаны туралы айтты.

Биыл 15 сәуірден 10 мамырға дейін ҰБТ-ға өтініштер қабылданды. Сондай-ақ бірінші рет өтініштер онлайн форматта қабылданды. Осы жылы ҰБТ-ға қатысу үшін 111 109 түлек өтініш тапсырды. Бұл биылғы мектеп бітіруші түлектердің 82 пайызын құрап отыр. Жалпы ҰБТ тапсыруға 130 мыңнан астам өтініш тіркелді. Оның ішінде 110 мыңы онлайн форматтағы өтініштер. Ал 21 мыңы қағаз жүзіндегі тапсырылған өтініштер. Білім беру гранттары конкурсына 10-20 шілде аралығында өтініштерді қабылдаймыз. Конкурс 21-31 шілде аралығында өтеді, - деді Әділет Тойбаев. 

Оның айтуынша, биыл гранттарды бөлу 18 мамырда бекітілген.

Биыл бакалавриатқа 53 864 грант, магистратураға 13 300, доктарантураға 2355 грант бөлінді. Биыл бұл гранттарды ертерек бөлдік. Оны 18 мамырда бекіттік. Ұлттық тестілеу сайттарында бұл туралы ақпараттар жарияланды. Толығырақ сол сайттан оқып, біле аласыздар, - деді Тойбаев. 

Сондай-ақ гранттар жеке санаттар бойынша да қарастырылған.

Осы гранттардың ішінде жеке санаттарға қабылдау туралы кепілдік қарастырылған. Бұл бірінші және екінші топтағы мүгедек балаларға арналған 1 пайыздық квота. Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін 0,5 көлемдегі квота. Ауыл жастары үшін 30 пайыздық квота. ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар, яғни біздің қандастарымыз үшін 4 пайыздық квота қарастырылған. Жетім балалар квотасы 1 пайызды құрайды және "Серпін" бағдарламасы бойынша 10 пайыздық квота қарастырылған. Білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының нақты топтары бойынша бөлінген. Демек, білім алушы боламын деген оқушылар мамандықты емес, білім беру топтарын таңдайды. Былтырдан бастап оған жаңашылдық енгізілген. Грант – ол нақты мамандық емес. Білім беру топтарына бекітіледі және білім алушы сол грантты жеңіп алады. Грантты жеңіп алған соң, білім алушы нақты білім беру бағдарламасын таңдап, өз оқуын бастайтын болады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы