Британияда пандемия салдарынан азық-түлік жетіспеушілігі орын алуы мүмкін

4 Тамыз 2020, 15:25
1297
Бөлісу:
Британияда пандемия салдарынан азық-түлік жетіспеушілігі орын алуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азық-түлік банктерінен тағамға деген сұраныс наурыз айында 81 пайызға өсті.

Наурыз айында-ақ COVID-19 Альбиондағы азық-түлік жеткізу тізбегінің қаншалықты нәзік екенін айқын көрсетіп берді. Азық-түлік банктерінен тағамға деген сұраныс сол кезде рекордтық деңгейде, 81 пайызға өсті. Бірақ қазір коронавирус індетіне ешқандай келісімсіз Еуропадан ажырау мәселесі қосылуы мүмкін, бұл Ұлыбритания үшін нағыз азық-түлік апатына айналуы ықтимал, деп ескертеді парламентшілер. 

Bloomberg агенттігі атап өткендей, Лондон Еуропалық Одақтан (ЕО) импорттық тағам өнімдерінің үштен бірін әкеледі, әсіресе, бұл ел еуропалық көкөністер мен жемістерге тәуелді. Алайда, екі тарапқа да сәйкес келетін сауда келісімі әлі жоқ.  Бірқатар сарапшылар ондай келісімнің болмауы мүмкін деген пікірге бейім. 

Испаниялық El Pais газетінің жазуынша, Лондонның ЕО-мен келісімге келуге деген ниеті байқалмайды. Сонымен қатар, Брюссельде Brexit-тен кейін британиялықтар Еуропа үшін жақын серіктес болмайды деген сенім күн сайын күшейе түсуде. Керісінше, еуропалық шенеуніктер Ұлыбританияны ЕО-ның агрессивті бәсекелесі болуға ниетті деп санайды, сондықтан екі тараптың қарым-қатынасы одан әрі нашарлауы мүмкін деген пікірді де жоққа шығармайды. Олардың арасындағы сауда жүйесін ақыр соңында Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелері реттейді.

Бірақ келіссөздер әлі де жалғасып жатыр, ал парламентшілер Ұлыбритания үкіметіне Альбионды кез келген нәтижеге дайындай алатын азық-түлік қауіпсіздігі министрін тағайындауға кеңес береді. Әсіресе, депутаттар елдің мұқтаж тұрғындарының - жұмыссыздар мен үйсіздерден бастап кедей отбасылардың оқушыларына дейінгі тағдырына алаңдайды. Болашақ министр осы мәселелермен бірінші кезекте айналысуы керек.
Өзгелердің жаңалығы