БРИКС саммиті: Халықаралық медиа орталықта журналистерге қандай жағдай жасалған?

Қазақстандық журналистер Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің шақыруымен БРИКС саммиті аясындағы медиа-турға қатысып жатыр

12 Қыркүйек 2026, 13:40
АВТОР
 автордан  12 Қыркүйек 2026, 13:40
12 Қыркүйек 2026, 13:40
144

XVIII БРИКС саммиті қарсаңында Үндістан астанасы әлемдік саясаттың ғана емес, халықаралық ақпарат кеңістігінің де маңызды орталығына айналды. Нью-Делиге әлемнің түрлі елдерінен келген журналистер саммиттің маңызды сәттерін өз аудиториясына жедел жеткізуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаланың әр жерінде БРИКС-2026 саммитінің атмосферасы сезіледі. Ал негізгі шаралар өтетін Bharat Mandapam халықаралық көрме және конгресс орталығы әлем назарын өзіне аударған маңызды нүктеге айналған.

Дәл осы жерден алдағы екі күнде БРИКС елдері мен әлемдік саясатқа қатысты маңызды жаңалықтар тарайды.

Үндістанның БРИКС-ке төрағалығы «Building for Resilience, Innovation, Cooperation and Sustainability» – «Төзімділік, инновация, ынтымақтастық және тұрақтылық үшін бірге құру» ұранымен өтіп жатыр.

Саммит аясында БАҚ өкілдері үшін арнайы халықаралық медиа орталық ұйымдастырылған. Бұл – жүздеген журналист бір уақытта жұмыс істеп, ақпарат дайындайтын үлкен әрі заманауи алаң.

Медиа орталықта журналистерге арналған арнайы жұмыс орындары – work station-дар қарастырылған. Мұнда әр елден келген БАҚ өкілдері жаңалық жазып, фото және бейнематериалдарын өңдеп, редакцияларымен байланысқа шыға алады.

Ақпараттық орталықта сұхбат ұйымдастыруға арналған арнайы орындар да бар. Ал телеарналар мен халықаралық ақпарат құралдары үшін интервью жазуға және тікелей эфирге шығуға бейімделген жеке залдар әзірленген. 

Мұнда журналистер сарапшылармен, ресми тұлғалармен және саммит қонақтарымен сұхбаттасып, арнайы бағдарламалар дайындай алады.

Қарбалас жұмыс арасында журналистердің тынығуына да жағдай жасалған. Медиа орталықта тамақтанатын орындар мен кофе ішіп, әріптестермен пікір алмасуға арналған демалыс алаңдары бар. Бір қарағанда жай ғана кофе-брейк алаңы сияқты көрінгенімен, мұнда да түрлі елден келген журналистер танысып, тәжірибе алмасып, халықаралық байланыс орната алады.

Қазақстандық журналистер де осы үлкен халықаралық ақпарат алаңының ортасында жүр. Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің шақыруымен отандық БАҚ өкілдері БРИКС саммиті аясында ұйымдастырылған медиа-турға қатысып жатыр.

Бір жерде – жүздеген журналист, ондаған тіл және әлемге тарайтын мыңдаған жаңалық. БРИКС саммитінің ақпараттық тынысы дәл осы жерден сезіледі.

Нью-Делиге БРИКС-тің негізгі мүше мемлекеттері – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африкадан, сондай-ақ кейін ұйым құрамына қосылған елдер мен серіктес мемлекеттердің БАҚ өкілдері келген.

Наверх