Brent $92-ге таяды: Қазақстан қымбат мұнайдан пайда көре ала ма?

Мұнай бағасының өсуінен түсетін қосымша кірісті экспорттағы шектеулер тежеп отыр.

 ©BAQ.KZ коллажы 26 Тамыз 2026, 07:30
26 Тамыз 2026, 07:30
240
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемдік нарықта Brent маркалы мұнай бағасы қымбаттап, барреліне 92 долларға таяды. Мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстан үшін қаншалықты тиімді? Мұнайдан түсетін кіріс көбейсе, теңге нығайып, инфляция бәсеңдей ме, әлде жоғары бағаның пайдасын экспорттағы шектеулер жоққа шығара ма? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.

Экономист Айбар Олжай мен мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов қымбат мұнайдың Қазақстан экономикасына ықпалын әр қырынан бағалады.

Қымбат мұнай экономикаға не береді?

Экономист Айбар Олжай мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері үшін тиімді екенін айтады. Оның сөзінше, мұнайдан түсетін кіріс артқан кезде Ұлттық қорға түсетін қаржы көбейіп қана қоймай, республикалық және жергілікті бюджеттердің кірісі де ұлғаяды.

Мұнай бағасының қымбаттауының біздегі инфляцияға тікелей әсер ететін арнасы жоқ. Бізде ішкі бағалар өзіміздің ішкі нарықта қалыптасады. Ал әлемдік мұнай бағасы негізінен экспортқа қатысты. Мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстанның макроэкономикасы мен жалпы экономикалық көрсеткіштері үшін жақсы. Ұлттық қорға түсетін түсімдер көбейеді, Ұлттық қор тезірек толығады. Сонымен қатар мұнай компаниялары түрлі салықтар арқылы республикалық және жергілікті бюджеттерге қосымша қаржы түсіреді, – дейді Айбар Олжай.

Экономистің айтуынша, Қазақстандағы мұнайдың ішкі бағасы мен әлемдік нарықтағы бағасын бір-бірінен ажыратып қарау керек. Ірі консорциумдар өндірген мұнайын экспортқа шығарса, отандық және шағын компаниялардың басым бөлігі ішкі нарыққа жұмыс істейді.

Сондықтан мұнай бағасының қымбаттауы мен инфляция арасында тікелей байланыс жоқ. Қазақстанда ішкі нарықтағы баға бар және сыртқы, әлемдік мұнай бағасы бар. Біздегі ірі консорциумдар – «Теңізшевройл», NCOC, KPO – мұнайды сыртқы нарыққа сатады. Қалған отандық және шағын мұнай компанияларының көбі мұнайды ішкі нарыққа өткізеді. Бірақ олар оны әлемдік бағамен сатпайды, белгілі бір келісілген ішкі баға бар. Сондықтан инфляция мен мұнай бағасының арасында тікелей байланыс жоқ, – деп түсіндірді сарапшы.

Теңгеге әсері қандай?

Айбар Олжай мұнай бағасының жоғары болуы мемлекет үшін тиімді екенін және мұнайдан түсетін кірістің көбеюі теңгеге де оң әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұлттық валютаның нығаюы импорт арқылы келетін инфляциялық қысымды азайтуға мүмкіндік береді.

Экономикалық тұрғыдан мұнай бағасының жоғары болуы мемлекет үшін пайдалы. Мұнайдан түсетін ақшаның көбеюі теңге бағамына жағымды әсер етеді. Теңге долларға шаққанда сәл күшейеді. Дәл осы кезде импортталатын тауарлардың, сырттан келетін азық-түлік пен басқа да тауарлардың бағасының өсуі тежеледі. Яғни импорттық тауарлар арқылы инфляцияға, керісінше, жағымды әсер етуі мүмкін, – дейді экономист.

Алайда мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов бұған басқа қырынан қарайды. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда мұнай бағасының көтерілуінен Қазақстан айтарлықтай әсер сезінбейді. Себебі бағаның өсуімен қатар мұнай өндіру мен оны экспортқа шығару көлемін де ескеру қажет.

Мұнай бағасының өсуінен біз ешқандай әсер сезінбейміз. Мен бұл туралы бұған дейін де жазғанмын. Биылғы жеті айда біз мұнай мен газды шамамен 10%-ға аз өндірдік. Бұған КҚК-дағы жағдай да әсер етіп отыр, өйткені экспортқа бұрынғыдан көбірек көлемде мұнай жөнелту мүмкіндігі жоқ. Жалпы, жыл соңына дейін белгілі бір бөлігін толықтырып үлгерген күннің өзінде, Энергетика министрлігінің жоспары қазірдің өзінде төмендетілді. Қазіргі болжам бойынша шамамен 96 миллион тонна өндіріледі. Ал былтыр біз 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндірдік. Сондықтан қазір әлемде байқалып отырған мұнай бағасының өсуі еліміздегі мұнай өндіру көлемінің азаюын сәл ғана өтеп отыр, – дейді Олжас Байділдинов.

«Мұнай қымбаттаса, теңге міндетті түрде нығаймайды»

Байділдинов мұнай бағасы мен теңге бағамының арасындағы бұрынғы тәуелділік қазір жоқ деп есептейді. Сарапшы мұны мұнай өндіру көлемі мен әр жылдардағы доллар бағамын салыстыру арқылы түсіндірді.

Мен сонау 2017 жылы мұнай бағасының теңгеге енді әсер етпейтіні туралы материал жазғанмын. Қарапайым мысал келтірейін. Шартты түрде айтсақ, осыдан 10-15 жыл бұрын, 2011-2015 жылдары біз шамамен 60 миллион тонна мұнай өндірдік, ал сол кезде доллар бағамы шамамен 150 теңге болатын. Қазір біз мұнайды шамамен бір жарым есе көп өндіреміз, ал доллар бағамы 500 теңгеге жуық. Осы екі жағдайдың арасынан қандай да бір байланыс тауып көріңіз. Ондай байланыс жоқ, – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, қазір теңге бағамына мұнай құнынан гөрі қарыз көлемі көбірек ықпал етеді.

Қазір теңге бағамына мұнай бағасы емес, өсіп келе жатқан қарыздар әсер етеді. Ал бюджетті теңгеру үшін теңгені одан әрі құнсыздандыру қажет. Мұны біз жыл сайын көріп отырмыз. Сондықтан қазіргі уақытта теңге бағамы мен мұнай бағасының арасында ешқандай байланыс жоқ, – деді Байділдинов.

Ұлттық қор мен бюджетке қандай пайда бар?

Айбар Олжай мұнайдан түсетін қосымша кірістің бірден екі бағытқа әсер ететінін айтады. Оның бір бөлігі Ұлттық қорға түссе, екінші бөлігі бюджет кірісін арттырады.

Мұнайдан түсетін артық кіріс екі бағытқа бірден әсер етеді. Біріншіден, тікелей Ұлттық қорға түседі. Ұлттық қор – біздің тұрақтылық буферіміз. Сыртқы шоктар болғанда немесе дағдарыс кезінде Ұлттық қор Қазақстанға сол дағдарыстан жеңілірек өтуге мүмкіндік береді. Өйткені біз онда активтер жинақтап отырмыз, – дейді экономист.

Оның айтуынша, Ұлттық қор бюджет қаражаты жетпейтін ірі жобаларды жүзеге асыруға да мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бюджет мүмкіндігі жетпейтін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы да, әкімдер де, Үкімет те осы туралы айтып жүр. Егер Ұлттық қор болмаса, үлкен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қиын болар еді. Қазір бізде ондай мүмкіндік бар, – деді Айбар Олжай.

Мұнайдан түсетін қосымша кірістің тағы бір пайдасы – бюджет тапшылығын ұлғайтпай ұстап тұру және мемлекеттің қарыз алу қажеттілігін азайту.

Одан бөлек, мұнайдан түсетін қосымша кіріс бюджетке барады. Экспорттық баж салығы арқылы бюджеттің жағдайын жақсартады әне бюджет тапшылығын арттырмауға мүмкіндік береді. Бюджет тапшылығы азайған сайын Қазақстанның, яғни мемлекеттің қарыз алуы да азаяды. Мемлекеттік қарыз азайса, макроэкономикалық тұрақтылығымыз жоғары болады. Өйткені қарыз көбейген жағдайда бюджет қаражатының бір бөлігі сол қарызды өтеуге кетуі мүмкін. Бұл әлеуметтік бағдарламаларға да қауіп тудыруы ықтимал. Сондықтан қарыздың көбеймегені дұрыс. Бюджет кірісінің мұнай есебінен артуы осы қарызды азайтуға мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.

Мұнай $100 немесе $200 болса да...

Олжас Байділдинов үшін мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасынан бөлек, Қазақстанның оны үздіксіз экспорттай алуы маңызды. Оның сөзінше, мұнай қанша қымбат болғанымен, экспорт жолында мәселе туындаса, жоғары бағаның Қазақстан үшін пайдасы азаяды.

Мұнайдың барреліне 100 доллар болуы бір бөлек, ал, мысалы, КҚК-ға жасалған шабуылдар бір бөлек. Егер әлемде мұнайдың баррелі 100, тіпті 200 доллар тұрса да, КҚК мұнай жөнелте алмаса, біз үшін, әрине, оның ешқандай айырмашылығы болмайды. Сондықтан Қазақстанға тұрақты жағдай мен тұрақты экспорт қажет, – дейді мұнай-газ саласының сарапшысы.

Ол жоғары мұнай бағасының халық пен бизнес үшін кері жағы да бар екенін атап өтті. Мұнай қымбаттаған кезде тасымал мен транзит шығындарының өсуі импорттық өнімдердің бағасына әсер етуі мүмкін.

Әлемдік бағаларға келсек, мұнайдың қымбат болуы халықтың едәуір бөлігі мен бизнес үшін импорттың қымбаттауын білдіреді. Логистика шығындарының өсуіне байланысты бағасы көтерілетін iPhone-нан бастап, Қытайдан әкелінетін қызанақ пен алмаға дейін қымбаттайды. Өйткені жанармай мен транзит шығындары өседі, – дейді Байділдинов.

Сондықтан сарапшы қымбат мұнайдың өзі Қазақстан үшін автоматты түрде экономикалық пайда әкеледі деген пікірмен келіспейді.

Айналамыздағы геосаяси жағдай тұрақсыз болып тұрған кезде мұнай бағасының жоғары болуынан жалпы алғанда ұтпаймыз, керісінше, көбірек ұтыламыз. Бізге тұрақты экономика, энергия тасымалдаушылардың тұрақты бағасы және тұрақты экспорт қажет. Әзірге осының бәрі бір-бірімен үйлеспей тұр, – деді ол.

Қымбат мұнайдың «тұзағы» бар ма?

Айбар Олжай мұнай бағасының шектен тыс өсуінің ұзақмерзімді тәуекеліне де назар аударды. Оның пікірінше, мұнайдан мол қаражат түсетін кезең экономиканы әртараптандыруға деген ынтаны әлсіретуі мүмкін.

Мұнай бағасы қатты жоғарылап кетсе, оның басқа бір тәуекелі бар. Біз мұндай кезеңнен өткенбіз. Экономиканы әртараптандыру, басқа салаларды дамыту процесі сәл тоқтап қалуы мүмкін. Бұл – психологиялық тұзақ әрі «ресурстық қарғыс» болуы мүмкін. Мұнай бағасы жоғары болып, экономикаға онсыз да мұнай долларлары ағып келіп жатса, қандай да бір реформа жасауға деген мотивация әлсіреуі мүмкін. Өйткені ақша онсыз да келіп жатыр, – дейді экономист.

Дегенмен сарапшы Қазақстан бұрынғы тәжірибеден сабақ алды деп есептейді.

Бірақ біз мұны өзіміздің экономикалық тарихымызда бастан өткердік. Енді оған жол бермейміз деп ойлаймын. Өйткені қазіргі трансформациямыз бар. Үкімет те қазір басқаша жұмыс істеп жатыр. Қазір ешкім баяғыдай мұнай бағасына қарап, «мұнайдан ақша түседі» деп күтіп отырған жоқ. Мысалы, 2000 немесе 2005 жылдары жағдай мүлде басқа болатын. Мұнайдан ақша түсіп жатты. Ал қазір Қазақстанда мұнайдан түсетін ақшаға деген қызығушылық баяғыдай жоғары деңгейде емес, – деп қорытындылады Айбар Олжай.

Демек, мұнайдың қымбаттауы Қазақстанға қосымша кіріс әкелгенімен, оның нақты пайдасы өндіріс көлемі мен тұрақты экспортқа тікелей байланысты. Сарапшылардың пікірінше, жоғары баға экономиканың барлық мәселесін автоматты түрде шеше алмайды.

Тағы оқи отырыңыз:

Наверх