Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Қасым-Жомарт Тоқаевты бір палаталы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтап, аталған оқиғаның Қазақстан үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті.
Президент Премьер-министрге жылы лебізі және халықаралық байқаушылар миссиясы құрамында Армения өкілдерінің сайлауға белсене қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Әңгімелесу барысында бірлескен сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылып, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасы талқыланды.
Бұған дейін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.
Одан кейін Сербия президенті Александр Вучич Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, Президент реформалары азаматтардың жоғары қолдауына ие болғанын атап өтті.